Суперкомпьютер Қазақстанға не береді?
Қазақстанда 2 экзафлопс өнімділігі бар жаңа суперкомпьютер іске қосылды. Бұл – Орталық Азия өңіріндегі ең қуатты есептеу жүйесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан салтанатты рәсімде жаңа дата-орталықтың жұмысын бастауға ресми түрде рұқсат берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Суперкомпьютер деген не?
Суперкомпьютер — тек "үлкен машина" емес, ол:
Ғылыми зерттеулердің қозғалтқышы;
Экономика мен өнеркәсіптің жаңа деңгейге шығуының негізі;
Ұлттық қауіпсіздік пен цифрлық егемендіктің маңызды тетігі.
Мысалы ол арқылы климаттық өзгерістердің моделін жасауға, жасанды интеллект алгоритмдерін оқытуға, қорғаныс саласында криптографиялық жүйелерді сынауға, мұнай-газ секторында геофизикалық модельдеулер жасауға және фармацевтикалық өнімдердің молекулярлық құрылымын есептеуге болады. Осының бәрі де осындай жүйелердің арқасында нақты және жылдам іске асады.
2025 жылдың мамыр айында елімізге өнімділігі 2 экзафлопс болатын суперкомпьютер жеткізіліп, NVIDIA H200 графикалық чиптері негізінде жасалған кешен ретінде сипатталды. Бұл – Орталық Азия аумағындағы ең қуатты жүйе.
Суперкомпьютер Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі орнатқан Tier III деңгейіндегі жаңа дата-орталықта жұмыс істейді.
Сондай-ақ, PARAM BILIM-2 суперкомпьютері Ақкөл қаласындағы "Қазақтелеком" АҚ деректерді өңдеу орталығында орналасқан. Бұл жүйе Үндістан Үкіметі мен Қазақстан Республикасы арасындағы меморандум аясында C-DAC компаниясымен ЕҰУ-ға сыйға тартылған. Ғылым және жоғары білім министрлігі оны Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша пайдалануға берді. PARAM BILIM-2 — 30 ғылыми бағытта жоғары өнімді есептеулер жүргізе алады.
Университеттік деңгейдегі суперкомпьютерлер де бар:
Satbayev University – 10,9 терафлопс
Қазақ-Британ техникалық университеті – 10 терафлопс
Ақпараттық-есептеу технологиялары институты – 16 терафлопс
Назарбаев Университеті – 25 терафлопс
2023 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында 1 петафлопс қуатты «KazNU Supercomputer» іске қосылды. Бұл – елдегі алғашқы ірі жүйе болды.
Суперкомпьютер қандай мүмкіндіктер береді?
Суперкомпьютер – тек техника емес, ол:
Ғылыми зерттеулерді жеделдететін құрал;
Экономиканы жаңа деңгейге шығаратын инфрақұрылым;
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін цифрлық егемендік тетігі.
Мұндай жүйелер:
Жасанды интеллектті оқыту,
Климаттық өзгерістерді модельдеу,
Қорғаныс саласын криптографиялық қорғау,
Геофизикалық зерттеулер,
Медициналық есептеулер,
Ауыл шаруашылығы мен ауа райын болжау сияқты күрделі міндеттерді атқара алады.
Цифрлық даму министрі не дейді?
Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жаңа жүйе түрлі салаларда кеңінен қолданылады:
Біз Орталық Азияда алғаш болып суперкомпьютерді әкелдік. Бұл – генеративті жасанды интеллект пен үлкен деректерді өңдеуге арналған платформа. Ол eGov AI, Qazaq Law, AI E-otinish секілді мемлекеттік жобаларды дамытуда қолданылады, – деді министр.
Оның айтуынша, суперкомпьютер:
Энергетика,
Өнеркәсіп,
Денсаулық сақтау,
Құрылыс,
Ақылды қалалар сияқты салаларды цифрландыруда кең мүмкіндік береді.
Мемлекеттік органдар мен жеке сектордан есептеу ресурстарына сұраныс артып келеді. Бұл ретте министр Higgsfield AI, Nozomio, Surfaice, Veridian AI және Perceptis сынды стартаптардың мысалын келтіріп, суперкомпьютер осындай жобалар үшін маңызды екенін айтты.
Жалпы елімізде осы салада стартап-экожүйе қалыптасты деп айтсақ болады. Мысалы Higgsfield AI жобасы. Ол дегеніміз — мәтін бойынша бейне генерациялау стартабы. Бұл жоба АҚШ-та 16 млн доллар инвестиция тартты. Nozomio — үлкен код базаларымен жұмысты оңайлату стартабына жасанды интеллект арқылы код үзінділерін жылдам табуға, талдауға көмектеседі. Стартап Entrepreneurs First (Лондон) акселераторынан 1 млн доллар көлемінде инвестиция алды. – дейді ведомство басшысы.
Жаңа механизм, жаңа мүмкіндік
Жаслан Мәдиевтің сөзінше, суперкомпьютерді іске қосуға байланысты елімізде ірі есептеулердің жаңа механизмі қабылданды.
Бұл механизм:
Есептеу жабдықтарын жеңілдікпен әкелуге,
ҚҚС пен кедендік баждан босатуға мүмкіндік береді.
Суперкомпьютер ресурстары Ұлттық жасанды интеллект платформасы арқылы қолжетімді болады. Бұл платформа:
Есептеу құралдары,
Деректер қоймасы,
Дайын тілдік модельдер ұсынуға бағытталған.
Платформаны пайдалану бойынша 2 000-нан астам мемлекеттік қызметкер оқытылды. Жүйе толық техникалық баптаудан кейін министрліктерге, стартаптарға, университеттер мен ғылыми орталықтарға қолжетімді болады.
Қандай қауіптер мен кедергілер бар?
Қымбат инфрақұрылым: Суперкомпьютер тек қымбат темір емес. Оны дұрыс пайдалану үшін:
Электр энергиясы,
Салқындату жүйесі,
Жоғары білікті мамандар қажет.
Кадр тапшылығы: Қазақстанда жоғары өнімді есептеу (HPC) саласында кәсіби инженерлер саны өте шектеулі.
Бағдарламалық қамту тәуелділігі: Батыс елдерінің лицензияланған бағдарламалық шешімдеріне тәуелділік бар. Ашық кодқа негізделген жүйелерді дамыту — болашақтың жолы.
Шетелдік тәжірибе: Қазақстан қай жолда?
TOP-500 рейтингі деректеріне сәйкес, әлемдегі ең үздік суперкомпьютерлер саны бойынша АҚШ (175) пен Қытай (47) алда келеді. Үздік үштікті Германия түйіндеп тұр.
Жапония (39) мен Оңтүстік Корея (15) сәйкесінше төртінші және жетінші орындарда. Өнімділігі жоғары 25 суперкомпьютері бар Франция бесінші орында, одан кейін Италия (17) орналасқан. Ал үздік ондыққа Канада мен Ұлыбритания да енген — бұл елдердің әрқайсысында 13 суперкомпьютерден бар. Бразилия (9) оныншы орында. Сонымен қатар, Норвегия (9), Ресей (7), Үндістан (6) сияқты елдерде де жоғары өнімді есептеу жүйелері бар.
Жалпы алғанда, құрлықтар бойынша Солтүстік Америка көш бастап тұр, одан кейін Еуропа мен Азия. Айта кетейік, әскери және құпия мақсатта қолданылатын суперкомпьютерлер аталған рейтингке кірмеуі мүмкін.
Суперкомпьютер нарығы қарқынды дамып келеді
2025 жылдың қаңтарында жарияланған The Business Research Company деректеріне сәйкес, суперкомпьютерлер нарығы соңғы жылдары белсенді дамып келеді. Орташа жылдық өсім қарқыны (CAGR) 16,2% болған жағдайда, нарық көлемі 2024 жылғы 13,55 миллиард доллардан 2025 жылы 15,75 миллиард долларға дейін өседі деп болжануда.
Мұндай өсімге келесі факторлар себеп:
ғылыми зерттеулерге бөлінетін мемлекеттік инвестициялардың артуы,
ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс саласында қолдану қажеттілігі,
ауа райын модельдеуге деген сұраныстың көбеюі,
жоғары өнімді есептеу архитектурасының дамуы,
жасанды интеллект пен машиналық оқытудың кеңеюі.
Компания мәліметінше, суперкомпьютерлер нарығы 2029 жылға қарай 19,5 пайыздық жылдық өсіммен 32,11 миллиард долларға жетеді деп күтілуде.
Қазақстан – өңірлік деңгейдегі ойыншы
Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бүгінде отандық стартаптар, бизнес құрылымдары мен қаржы ұйымдары есептеу қуатын Amazon және Google секілді шетелдік ІТ-алпауыттардан жалға алуға мәжбүр.
Әлемдегі ең қуатты суперкомпьютер – АҚШ-тағы Oak Ridge ұлттық зертханасындағы Frontier жүйесі. Ол секундына 1 квинтиллион операция орындай алады. Қытай, Жапония, Франция, Германия, Оңтүстік Корея мен Сауд Арабиясы да суперкомпьютерлік бағдарламаларын белсенді түрде дамытып жатыр.
Ал Қазақстан бұл тізімде әзірге өңірлік деңгейдегі ойыншы ретінде қалыптасып келеді. Алайда бұл – үлкен мүмкіндікпен қатар, жоғары технологиялық жауапкершілік кезеңі.
Қасым-Жомарт Тоқаев суперкомпьютерді іске қосу рәсіміне қатысып, оның ел цифрлық дамуына үлкен серпін беретінін атап өтті.
Жаңа суперкомпьютер кластері FP8 форматында есептеу арқылы 2 экзафлопсқа дейін өнімділікке қол жеткізе алады.
Енді бұл ресурсты:
Стартаптар,
Университеттер,
Ғылыми орталықтар,
Мемлекеттік мекемелер мен жеке компаниялар кеңінен пайдалана алады.
Суперкомпьютер – Қазақстан үшін технологиялық тәуелсіздікке бастар жол. Ол жасанды интеллектті дамыту, ғылыми зерттеу жүргізу және ұлттық цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыруда шешуші рөл атқарады.