Сұлулыққа ең көп қаржы жұмсайтын қала белгілі болды
Қазақстанда сән мен сұлулыққа ең көп қаржы бөлетіндер Алматы мен Астана тұрғындары емес, шымкенттіктер болып шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Finratings.kz мәліметінше, шымкенттіктер киім-кешек, косметика және аксессуарларға ең көп шығынданады.
Сарапшылардың дерегінше, 2025 жылдың екінші тоқсанында Шымкент тұрғындары бір адамға үш айда орта есеппен 36,4 мың теңге жұмсаған. Бұл – ел бойынша ең жоғары көрсеткіш әрі орташа деңгейден шамамен үштен бірге артық.
Қызығы, өңірдегі кіріс деңгейі аса жоғары емес: тоқсанына жан басына шаққанда 267,5 мың теңге, бұл республика бойынша орташа табыстан 25%-ға төмен. Соған қарамастан, шымкенттіктер табысының 14%-ын сыртқы келбетке жұмсайды. Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш екі есе аз.
Аналитиктер мұндай үрдіс бірінші жыл байқалып отырған жоқ дейді. Ұқсас көрініс 2025 жылдың басында да, 2024 жылы да болған. Жалпы шығын жағынан кейде Алматы алда болғанымен, табысқа шаққанда Шымкент әрдайым бірінші орында.
Статистикаға тек крем мен сусабын ғана емес, сонымен бірге:
- косметика мен парфюмерия,
- әшекейлер, сөмкелер мен сағаттар,
- аяқ киім мен киім-кешек,
- күтімге арналған тұрмыстық құрылғылар (фен, эпилятор, қырыну құралдары),
- тіпті қолшатыр сияқты заттар да енгізілген.