Сұлтанов ҮЕҰ өкілдерімен бірге тұтынушылар құқығын талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бейінді емес үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) өкілдерімен онлайн-кездесу өткізіп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы ҚР заңнамасына түзетулердің 1-топтамасы шеңберіндегі жұмыс нәтижелері туралы әңгімелеп берді.

Оны қолданысқа енгізу арқылы тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін қосымша жағдайлар жасалды.

Сонымен, ҚР Үкіметінің жанында Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңес құрылды, оның құрамына еліміздің белгілі қоғам қайраткерлері де кірді. Кеңес алаңында тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірленеді.

Бұдан басқа, түзетулердің 1-топтамасы аясында Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мемлекеттік бақылау жүргізу құқығына ие болды. Егер бұрын тұтынушылар өз құқықтарын қоғамдық ұйымдар мен сот органдарының көмегімен ғана қорғай алатын болса, енді олардың уәкілетті органға тікелей жүгінуге мүмкіндігі бар.

Түзетулер топтамасына қол қойылғаннан кейін қоғамдық бірлестіктерге қоғамдық бақылау жүргізу құқығы берілді, бұл оларға тұтынушылардың құқықтарын қорғау процестеріне нақты қатысуға және олардың құқықтарының бұзылуына ден қоюға мүмкіндік берді.

Өз кезегінде, тұтынушылардың өтініштерін қабылдау және қарау процесін автоматтандыру үшін e-tutynushy бірыңғай ақпараттық жүйесі құрылды, бұл бизнес қызметінің барлық салаларында тұтынушылардың өтініштерімен жұмысты жеңілдетті.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың барлық шараларын бір жерге шоғырландыру тұтынушының оны тиімді қорғауға байланысты кез келген ақпаратқа жылдам және кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

Бүгінгі таңда жүйеде 6 мыңға жуық тұтынушы, 90 бизнес субъектісі және 40 қоғамдық бірлестік тіркелген, - деді Бақыт Сұлтанов.

Сонымен қатар, Министр айтып өткендей, ведомство түзетулердің 2-топтамасын дайындауда, оған құқық қолдану практикасы мәселелері, оның ішінде тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің ескертулерін ескере отырып енгізілетін болады.

Мәселен, "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының үлгісі бойынша жеке жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктерді бір Ұлттық қауымдастыққа шоғырландыру жоспарлануда, бұл тұтыну қоғамдастығының проблемаларын шешу кезінде бизнестің тепе-теңдігін құруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Министрлік түзетулердің 2-пакеті шеңберінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Омбудсмен институтын енгізуді жоспарлап отыр, сондай-ақ қоғамдық бақылау деңгейін арттыру мақсатында қоғамдық бірлестіктерге тауарларды бақылау мақсатында сатып алуды жүргізу мүмкіндігін беру жоспарлануда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы