Суицидтің алдын алу үшін ата-ана балаға назар аудару керек – психолог
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылдың тоғыз айында жастар денсаулық орталығына 9980 жасөспірім көмекке жүгінген. Олардың 5800 психолог көмегіне жүгінсе, қалғандары гинеколог, уролог тіптен осындағы заңгерден көмек сұраған. Бұл туралы Алматы қалалық студенттер емханасының AQJOL жастар денсаулық орталығының жетекшісі әрі психолог Дина Құсайынова сұхбат кезінде айтты.
Оның айтуынша, бұл орталық тек студенттерді ғана емес, қаладағы 14-29 жас аралығындағы барлық жастарға, тіптен ересектерге де көмек көрсетеді."Орталығымызда гинеколог, уролог, психологтар жұмыс істейді. Мәселен, гинеколог жыныстық қатынас арқылы тарайтын ауруларды қарайды және ерте жүктіліктің алдын алу бойынша кеңестер беріп отырады. Қазір жастар арасында түсік жасату көп, міне осындай жағдайлардың алдын алу үшін мамандар жастар арасына барып мағлұматтар беріп отырады. Одан кейін психологтар да көмек көрсетеді, жас жеткіншектер ерте жаста жүкті болып қалғанда ешкімге айта алмай, күйзеліске түсіп өзіне қол жұмсауға дейін барады. Кейбірі жеке клиникаларға барып түсік жасатып жатады, бірақ ол денсаулығына зиян. Орталықта сондай жағдайға тап болған жастармен жұмыс істейміз, оларға дұрыс шешім қабылдап, жамандықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Ол үшін орталығымызда және жастар арасына барып та көптеген тренинг семинар, акциялар мен конференциялар өткіземіз", - дейді ол.
AQJOL жастар денсаулық орталығы 2006 жылы БҰҰ жанындағы ЮНИСЕФ-тің көмегімен студенттік емхананың ішінен ашылған. Сондай-ақ орталықта еріктілер көп, олар жастардың проблемасын, олармен тіл табысу жағын жақсы білетін көрінеді. Сондықтан да орталық ерікті жастармен бірлесіп жұмыс істейді екен, бұның тиімділігі өте жоғары дейді маман.
"Жастар бірін-бірі жақсы түсінеді. Көп жастар проблемасын үлкендерге айтқаннан гөрі қатарластарына айтқанды жөн санайды. Осындай кезде біздің еріктілер оларды тыңдап, өз кеңестерін беріп осы орталыққа алып келеді. Жастардың көпшілігі мұндай орталықтардың құпиялықты сақтай отырып, көмектесе алатынын біле бермейді. Сол үшін біз еріктілерді тартамыз, олар жүрген ортасында орталық жайлы мағлұмат беріп, күйзеліске түскен жастарды бізге бағыттап отырады", - дейді ол.
Биыл Алматыда өз өмірін қиюға талпынған 733 оқиға тіркелген. Әйелдердің арасында 467, ер кісілердің арасында 266 оқиға тіркеліп, 650 суицидке бейім тұрғын емделіпті.
"Бізде "психологқа барсақ бізді псих деп ойлайды" деген түсінік қалыптасқан. Ол дұрыс емес, жастар болсын, үлкендер болсын псиохологқа барып тұрғаны дұрыс. Өйткені қазіргі өмірде проблема көп, адамдардың көпшілігі үлкен ауыртпашылықпен жүр. Біреудің несиесі бар, біреуде жұмыс жоқ дегендей. Оны ішіне жинай береді де күйзеліске ұшырайды, одан келіп адам ауруға шалдығады. Отбасында да түрлі мәселе болуы мүмкін, осыдан келіп ата-ана баласына көңіл аудармай жатады. Міне, осы себепті де біздің орталық ашылып отыр. Алматыда мұндай 11 орталық бар", - дейді психолог.
Сонымен қатар, ол жастардың суицидке бару себебіне тоқталып, жастардың орталыққа қандай мәселемен келетінін айтып берді.
"Суицидке итермелейтін нәрсе жастардың психикалық денсаулығының төмендігі. Оған себеп үйде ата-анасының көңіл бөлмеуі, балаға кешкісін 1-2 сағат болсын назар аударып, оны тыңдай білу керек. Яғни, баланың ішінде не болып жатыр, қандай проблемасы бар екенін көру керек. Үйінде ата-анасы көңіл бөлген бала психикалық денсаулығы тұрақты болады. Өйткені бала өзінің жақындарына қажет екенін түсініп, біліп жүреді. Бізге келетін балалардың көпшілігі "Мені әке-шешем тыңдамайды, менімен сөйлеспейді. Мен ешкімге керек жоқ сияқтымын" деп, осы орталықтан көмек алып жатады. Біз оларды тыңдап, ішкі жан-дүниесінде болып жатқан нәрсенің бәрін сыртқа шығаруға тырысамыз. Сондықтан бізге жүгінетіндердің басым көпшілігінің психикалық ауытқушылығы бар. Оған басты себеп ата-ананың балаға көңіл аудармауы. Болашақта осындай балалардың әке-шешесімен жұмыс істеуде жоспарлап отырмыз", - дейді Д. Құсайынова.
Оның айтуынша, 13-17 жас аралығы баланың ой-өрісінің дамитын кез. Осы кезде оларға ата-ана көп көңіл бөліп, дұрыс бағдар беру керек. Егер бала осы кезеңде дұрыс жетілсе алдағы өмірі де жақсы қалыптаспақ. Ал дұрыс дамымай, травма алып қалса ол келешекте психикасына кері әсер етіп, тіптен суицидке де алып келуі мүмкін екен.
"Бала ішіндегі проблемасын шығара алмай, ауыр жағдайда қалып қалса оның өмірге деген қызығушылығы жоғалып кетеді. Ондай балалар жақындарының назарын аударту үшін өзіне қол салады. Олар "қолымды кесіп, аурханаға түссем ата-анам жылап келер" деген оймен барады, яғни өлем деп ойламайды. Бірақ ондай кезде бәрі тірі қала бермейді", - дейді ол.
Дегенмен биыл ерте жүктілік пен суицид жағдайлары бұрынғыға қарағанда төмендегені байқалған. Оған осындай орталықтардың көптеп ашылуы себеп болыпты. Орталық қызметкерлері қаладағы универсиетттерге, студенттер жатақханасына, үлкен сауда үйлеріне және базарларға барып осындай орталықтың бар екенін айтып, сол жердегі жастар арасында тренингтер өткізіп, барынша жастар қалың шоғырланған жерлердің бәрін қамтуға тырысады екен.
"Қазір қаладағы көптеген үйірмелер ақылы, оған қатысуға екінің-бірінің қалтасы көтере бермейді. Осыдан келіп бала бос жүріске салынып, түрлі жаман әдеттерге бой алдырып кетіп жатады. Жалпы балаға тапсырма беріп, оның уақытын тиімді етіп жұмсауға көңіл бөлу қажет. Қазір көптеген еріктілер тобы жұмыс істейді, міне сол жерге барса олар көп нәрсені үйренер еді", - дейді психолог.
Сөз арасынада ол орталыққа дін мәселесімен де келетіндер бар екенін айтып, оларға да қол ұштарын созуға дайын екенін білдірді.
"Өткенде бір бала "Мен екі дінге де бас ұрам, біресе христианға, бірде исламды ұстанып кетем. Осының кесірінен ата-анаммен қатынасымыз нашарлап кетті" деп мәселесін айтты. Мұндай жағдайдың бәрінде біз құпиялықты сақтаймыз, әрине өзіміздің дінді ұстанған жөн ғой, біз соны ғана ұстану жағынан көмек беріп, онымен жұмыс істеп жатырмыз", - деді ол.
Сонымен қатар, ол көптеген ата-аналардың баласына сапалы білім беремін деп, қаладағы өте қымбат мектептерге беретінін, ондағы орта да бала психикасына кері әсер ететінін айтты.
"Қазір көптеген ата-аналар балаларын жақсы білім алсын деп қымбат, жекеменшік мектептерге беріп жатады. Ол жерде қалталы азаматтардың баласы оқығандықтан ортасы да балаға әсер етеді. Біреу қымбат телефон ұстап келуі мүмкін, тағы бірі өте бағалы киімдер киіп келуі мүмкін дегендей. Мұның барлығы қарапайымдау отбасыдан шыққан баланың психикасына әсер етпей қоймайды, ол өзін төмен санайды. Ата-анасына ондай қымбат нәрсені алып бер деп айта алмайды, кейбірі тіптен ұрсып тастауы мүмкін. Осындайда қиналған бала шылым шегіп, жаман әдеттерге бой алдырады, ішіндегісін кімге айтарын білмей дал болады. Жалпы ата-ана баланы көтермелеп, өзін жоғары ұстауына көп көңіл бөлу керек. Өзін еркін ұстаған бала ғана жетістікке жетеді", - дейді маман.
Сондай-ақ, ол теледидарда, интернет те зорлық-зомбылық сипатындағы кинолар, видолар өте көп екенін, бұлар да адамның психикасына кері әсер етіп жатқанын айтты.
"Осы себептен де қазіргі адамдардың көпшілігі қатыгез, тіптен сөз көтере алмай жатады. Суицид, ерте жүктіліктің алдын алу бойынша телеарнадан әлеуметтік роликтерді көп беру керек. Бірақ біздің телеарналар ондай роликтерді көрсету үшін көп қаражат сұрайды, есесіне түрлі жарнама мен түсініксіз телесериалдарды көп береді. Егер болашағымызды ойласақ нашақорлық, суицидтің алдын алуға бағытталған әлеуметтік роликтерді тегін көрсеткен дұрыс деп ойлаймын. Яғни нашаға жүгінген бала түбінде не болды, зардабы қандай деген сипаттағы роликтерді көптеп көрсету керек", - дейді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы