Суицидке себеп болғандар қалай жазаланады? – заңгер түсіндірді

Қазақстанда өзін-өзі өлтіруге итермелеу – қылмыстық жауапкершілікке әкелетін ауыр әрекет. Белгілі заңгер, құқық қорғаушы Ләззат Рақышева қандай жағдайларда адам түрмеге қамалатынын және мұндай фактілер қалай дәлелденетінін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы – өзіне қол жұмсауға итермелеу мен көмектесу әрекеттерін қылмыс деп таниды. Бұл бап бойынша жауапкершілік адамның жасы мен әрекеттің сипатына қарай сараланады.

Заңгердің айтуынша, егер біреудің әрекеті адамның, әсіресе баланың өз-өзіне қол жұмсауына тікелей себеп болса, ол адам ҚК 105-бабының 2 немесе 3-бөлігімен қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Кәмелетке толмаған балаға қатысты болса – 105-баптың 3-бөлігімен 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ал ересек адамға қатысты және бұл әрекет интернет арқылы жасалса – 2-бөлікке сай, 5 жылға дейін түрме жазасы тағайындалады.

Мұндай әрекеттерге кибербуллинг, қорқыту, психологиялық қысым және әлеуметтік желіде тараған “өлім ойындары” сияқты мазмұндар да жатады.

Мұндай әрекет қалай дәлелденеді?

Заңда бала мұндай қадамға өз еркімен емес, сыртқы ықпалдың салдарынан барғаны дәлелденсе, кінәлі адам жазаға тартылады. Дәлел ретінде:

чаттағы хат-хабарлар, аудио/бейнежазбалар;

куәгерлердің айғақтары;

"ұшып кетейік", "құстардай кетейік" дегендей тіркестер кездесетін "өлім ойындары";
әлеуметтік желілердегі жазбалар қабылданады.

Жеткізу мен итермелеудің айырмашылығы қандай?

Егер бала нақты бағытталған қорқыту мен буллингтің салдарынан өз-өзіне қол жұмсаса – бұл жеткізу деп танылады. Ал егер жалпы сипаттағы, бірақ психологиялық тұрғыдан зиян келтіретін хабарламалар (мысалы, суицидті насихаттау) таратылса – бұл итермелеу ретінде бағаланады.
Екеуі де заңмен жазаланады.

Баланың өліміне кім жауапты болады?

Егер баланың суицидке баруына басқа біреулердің әрекеті себеп болса, нақты кінәлі адам Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Бұдан бөлек, ата-аналар мен оқу орындарының да жауапкершілігі қарастырылады:

- Ата-аналар, егер баланың тәрбиесіне салғырт қараса немесе үйде зорлық-зомбылық көрсетсе – жауапты болуы мүмкін.

- Мектеп немесе ЖОО әкімшілігі, егер оқу орнында буллинг болғанын жасырып немесе дер кезінде шара қолданбаса – әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Бұл жағдайда субсидиарлық жауапкершілік принципі қолданылады – яғни, негізгі жаза кінәлі тұлғаға беріледі, ал басқа тараптарға қосымша жаза тағайындалуы мүмкін.

Суицидті романтизациялау мен насихаттау да – қылмыс

Әлеуметтік желілерде өз-өзіне қол жұмсауды ерлік немесе батырлық ретінде көрсету, өмірден кетуді әдемі, романтикалық қадам ретінде сипаттау – итермелеудің бір түрі.

Мұндай жазбалар әсіресе кәмелетке толмаған балаларға әсер етсе, бұл үшін де 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Заң не дейді?

ҚР Қылмыстық кодексінің 15-бабына сәйкес, 105-бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке 16 жастан бастап тартуға болады. Бұл – жасөспірімдер арасында таралатын буллинг пен психологиялық қысым әрекеттеріне де қатысты ескерту.

Еске салайық, бұған дейін психолог Серікгүл Сәли BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында өз тәжірибесінде кездескен суицидке бейім жастардың мінез-құлқы, әдеттері жөнінде айтып берген еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы