Қазақстан ТМД-да қанты бар сусындарға салық салатын алғашқы ел болмақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазір елордада денсаулық сақтау және Дүниежүзілік банктің сарапшылары, Қазақстан Республикасындағы салалық министрліктер мен ведомстволардың өкілдері еліміздегі құрамында қанты бар сусындарға салық салудың әсерін талқылап жатыр.

Нұр-Сұлтанда Дүниежүзілік банктің ұйымдастыруымен "Қазақстандағы құрамында қанты бар сусындарға салықтың әсері" деген тақырыпта семинар өтіп жатыр.

Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы адами даму бағдарламасының жетекшісі Сусанна Айрапетянның айтуынша, Қазақстанда құрамында қанты бар, әсіресе энергетикалық сусындарды пайдаланатын тұрғындардың саны артқан және ел экономикасына шығыны 2,3 трлн теңгеге жеткен.

Қазақстанда құрамында қанты бар, әсіресе энергетикалық сусындарды көп ішетін адамдардың саны көбейген. 2020-2025 жылдарға арналған Денсаулық сақтау бағдарламасында қазір инфекциялық емес аурулардың Қазақстан экономикасына шығыны жылына 2,3 триллион теңгені құрап отырғаны туралы айтылған. Бұл елдің 2017 жылдағы ЖІӨ 4,5% тең келеді, - деді сарапшы. 

Жаһандық деректерге қарасақ, құрамында қанты бар сусындарды пайдалану көптеген аурудың туындауына ықпал етеді, оның ішінде инфекциялық емес аурулар да бар. Мәселен, қант диабеті, семіздік, қантамыр аурулары көбейеді. Мұның салдарынан өлім саны артады, өнімділік азайып, денсаулық сақтау саласына көп шығын келтіреді. Сондықтан бүгін жиналған мамандар "қанты бар сусындарға салық енгізу керек" деп дабыл қағып отыр.

Кез келген жаңа салықты қолға алған кезде мынадай: "не үшін, неге дәл қазір және салықтың қандай әсері бар?" деген үш сұрақты қою керек. Мен бүгін осы үш сұраққа "жауап бере аламыз" деген ойдамын. Бүгінгі баяндамамда алдымен "неге?" деген сұраққа жауап беруге тырысып, жаһандық дәлелдер мен салықтың осы түріне байланысты халықаралық тәжірибені көрсеткім келеді. Осы жерде атап өту керек, Қазақстан ТМД-да осы салық түрін енгізуде әлеуетті түрде алғашқы ел болмақ. Бұл арқылы сіздер осы аймақта осы бағытта жұмыс істеп жатқан көшбасшылығыңызды көрсете аласыз. Неліктен қазір екені барлығына түсінікті шығар. Қазақстанда құрамында қанты көп азық-түлік немесе өнім көбейіп келеді. Сонымен қатар, қантты мөлшерден тыс қолданудан туындайтын аурулардың саны да артқан. Енді міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыруды енгізгеннен кейін қантты тұтыну салық төлеушілер мен мемлекеттің мойнына ілінеді. Мұндай сақтандыру жүйесін іске асыруға болады және іске асқан жағдайда мүмкін болатын шығындардың алдын алуға болады. Мұндай салықты енгізу денсаулық сақтау жүйесіне, экономикаға және адамның денсаулығына оң ықпал ететіні анық. Тағы бір мәселе, жаңа салық енгізген кезде оппозиция тарапы және тағы басқа шаралар шығатыны заңды. Сондықтан мұндай салықты енгізетін кезде мемлекет тауар өндірушілер не басқа тараптың уәждеріне жауап беруге дайын болу керек. Негізгі уәждер: бұл салықтардың агрессивті характері бар. Бұл аргументтердің барлығына жауап бере алатын маманымыз бар және ол сол уәждердің көп болмайтынына да көз жеткізеді, - деді Дүниежүзілік банк өкілі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы