Суға батқан баланы іздеу үшін Қазақстан мен Өзбекстанда шлюздер жабылды
Бала 23 наурыз күні шамамен сағат 17:00-де ойнап жүріп, Келес өзеніне құлап кеткен.
Түркістан облысының Келес ауданында 2018 жылы туған баланы іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР ТЖМ-ге сілтеме жасап.
Бала 23 наурыз күні шамамен сағат 17:00-де ойнап жүріп, Келес өзеніне құлап кеткен.
Қазіргі таңда өзеннің 15 шақырымы су бетімен, ал 900 метр аумағы су астында тексерілген. Іздеу жұмыстарына ТЖМ сүңгуірлері тартылған.
Операцияға төтенше жағдайлар министрлігі, полиция, ұлттық қауіпсіздік комитеті, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ туыстары мен еріктілер қатысуда.
Құтқарушылар Келес өзенінің арнасын 42 шақырым бойы – Абай және Жүзімдік ауылдары маңында тексеруде. Іздеу барысында арнайы ілгектер мен арқандар қолданылып жатыр. Сонымен қатар еріктілермен бірге Жүзімдік, Қызыләскер ауылдарынан Ғ. Мұратбаев ауылына дейінгі аумақ қаралуда.
Шымкент қаласы ТЖД жедел-құтқару жасағы да Лесбек батыр елді мекенінен Сырдария өзеніне дейінгі 9 шақырым аумақта іздеу жүргізуде. Іздеу жұмыстарына жүзу құралдары мен 5 дрон тартылған. Жалпы тексеріліп жатқан аумақтың ұзындығы шамамен 55 шақырымды құрайды.
Іздеуді тиімді жүргізу үшін су деңгейін төмендету шаралары қолға алынған. 28 наурызда Қазығұрт ауданындағы шлюз жұмысы тоқтатылса, 29 наурызда Өзбекстандағы "Зах" каналының шлюзі жабылды. Бұл өз кезегінде су деңгейін төмендетуге мүмкіндік беріп отыр.