Судья: Сотқа баруға қорқатындар көп
Көп азамат сотқа жүгінуден қорқады. Бұған ұзақ процесс, шығын, жүйеге сенімсіздік себеп болуы мүмкін. Ал мемлекеттік орган "уақыт ұтып кетуге" тырысады деген сын да жиі айтылады. Осы мәселелерге қатысты Әкімшілік істер жөніндегі Кассациялық сотының судьясы Лаура Қайырбаева соттағы теңдік қағидаты қалай жұмыс істейтінін және шешім орындалмаған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылғанын тарқатып айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- Лаура Еркінқызы, мемлекеттік орган мен азамат сотта расымен тең деңгейде ме? Тең болса, ол теңдік нақты қандай механизмдермен қамтамасыз етіледі?
- Жария-құқықтық қатынастарда тараптар бастапқыда тең емес: тараптардың бірі – билік өкілеттіктеріне ие мемлекет, оның органы немесе лауазымды тұлға болса, екінші тарап – азамат немесе ұйым болып саналады. Алайда әкімшілік сот ісін жүргізу барысында мемлекеттік орган мен азамат тең құқықтық жағдайда болады.
Бұл теңдік соттың белсенді рөлі және дауланып отырған актінің, әрекеттің немесе әрекетсіздіктің заңдылығын дәлелдеу міндетінің мемлекеттік органға жүктелуі арқылы қамтамасыз етіледі (ӘҚПК-нің 129-бабы). Соттың белсенді рөлі шеңберінде (ӘҚПК-нің 16-бабы) сот талапкерге талап қою талаптарын дұрыс тұжырымдауға жәрдемдеседі, істің барлық мән-жайларын жан-жақты анықтайды, қабылданған шешімнің немесе жасалған әрекеттің заңдылығын тексереді, әкімшілік процестік құқық қағидаттарын қолданады және мемлекеттік органнан өз әрекеттері мен шешімдерінің негізділігін талап етеді.
- Сот шешімі шыққаннан кейін мемлекеттік орган оны орындамаса не болады? Жауапкершілік бар ма, әлде қағаз жүзінде қалып қоя ма?
- Сот шешімі бір ай ішінде орындалмаған жағдайда жауапкерге ақшалай өндіріп алу түріндегі жауаптылық қолданылады (ӘҚПК-нің 127, 171-баптары). Өндіріп алу мәселесі сот шешімінің орындалғаны туралы мәлімет алмаған соттың бастамасымен қозғалады. Тараптар сот отырысына шақырылып, онда сот шешімінің орындалмау себептері анықталады. Істі қарау нәтижесінде сот жауапкерге 50 АЕК мөлшерінде ақшалай өндіріп алу қолданады және сот актісін орындау үшін жаңа мерзім белгілейді. Сот шешімі қайтадан орындалмаған жағдайда ақшалай өндіріп алу мөлшері 10 АЕК-ке ұлғайтылып, 60 АЕК-ке дейін жеткізіледі. Бұл рәсім сот шешімі толық орындалғанға дейін қайталана береді.
- Көп жағдайда азаматтар сотқа барудан көбіне қорқады. Сот жүйесі осы қорқынышты қалай жоя алады?
- Азаматтардың сотқа жүгінуден қорқуы – шынайы әрі түсінікті құбылыс. Оның себептері белгілі: сот процестерінің ұзаққа созылуы, шығындардың көп болуы және жүйеге деген сенімнің төмендігі. Соттың міндеті – бұл қорқынышты сөзбен емес, нақты іс-тәжірибе арқылы азайту.
Біріншіден, болжамдылық пен ашықтық маңызды. Нақты мерзімдер, түсінікті рәсімдер, тараптардың құқықтары мен міндеттерін процестің бастапқы кезеңінде-ақ айқын түсіндіру азаматтардың алаңдаушылығын едәуір төмендетеді.
Екіншіден, соттың тараптарға құрметпен әрі бейтарап қарауы аса маңызды. Адам өзін шын мәнінде тыңдап, пікірін айтуға мүмкіндік берілгенін және уәждерінің сот шешімінің уәжді бөлігінде ескерілгенін көрген кезде сенім деңгейі арта түседі.
Үшіншіден, процестік қолжетімділік қажет: электрондық сервистерді пайдалану, артық формализмді азайту, дәлелдемелерге ақылға қонымды көзқарас, әсіресе тараптардың бірі мемлекеттік орган болған жағдайда керек.
Тағы бір айта кетерлігі, сот залында да, одан тыс жерде де түсінікті коммуникацияның маңызы зор. Сот жүйесі қорқыныш сезімін декларациялармен емес, әрбір нақты істің әділ, түсінікті және алдын ала шешімі белгілі деген түсінік тудырмай өтуі арқылы азайтады.
- Мемлекеттік орган “соттасып, уақыт ұтып кетудің” тактикасын қолданады деген сын жиі айтылады. Мұндай жағдай тәжірибеде кездеседі ме, және судья бұған қалай тосқауыл қоя алады?
- Өз тәжірибемнен айтатын болсам, мемлекеттік органдардың «уақыт созу үшін сотқа жүгіну» әрекеттерімен бетпе-бет келмедім. Алайда, кейде сот тәжірибесі қалыптасқан жағдайда мемлекеттік орган апелляциялық немесе кассациялық шағымды іс жүзінде өз ұстанымын қорғау үшін емес, уақытты ұтудың мүмкіндігі үшін немесе ішкі нормативтік құжаттың талабына сәйкес енгізеді.
Кез келген жағдайда сот енжар бақылаушы емес және мұндай тактиканы шектеуге арналған құралдарға ие. Сот процесстік үнемділік қағидаты бойынша әрекет етеді. Сот ақылға қонымды мерзімдерді белгілей алады, бірдей дәлелдерді қайталап ұсынуға шектеу қоя алады және егер тарап өз құқықтарын теріс пайдаланса, іс материалдары бойынша шешім қабылдай алады.
Процестік құқықтарды теріс пайдалану сол тараптың өзі үшін сот шығындарын жүктеу, жеке ұйғарым шығару немесе ақшалай өндіріп алу шараларын қолдануға сынды қолайсыз салдарға әкелуі мүмкін.
Соңында, судья әрдайым нақты құқықтық қорғаныс пен процесстік белсенділіктің имитациясын ажырата алады. Мемлекеттік орган қоғамдық билік субъектісі ретінде сотта адал әрекет етуге жоғары жауапкершілік арқалайды және бұл оның әрекеттерін бағалауда ескеріледі. Идеалды жүйе жоқ, бірақ "сот әрдайым процесті созуға мүмкіндік береді" деген тұжырым қате.
Керісінше, бұл әрекеттерге қарсы тиімділікті қамтамасыз ету көбіне тараптардың процесстік мәдениеті мен судьяның кәсіби ұстанымына байланысты.
- Кассацияға келетін істерде төменгі сот сатыларының ең жиі жіберетін қателігі қандай? Бұл – судья сапасы ма, жүйелік мәселе ме?
- Кассациялық сатыда көбінесе фактілерді дұрыс бағаламау емес, құқықтық және процесстік қателіктер анықталады. Олардың негізгі түрлері: шешімнің формалды немесе жеткіліксіз негіздемесі, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбау, маңызды процесстік бұзушылықтарды елемеу. Әдетте себеп нақты судьялардың кәсіби деңгейінің төмендігінде емес, жоғары жүктеме, қысқа мерзімдер, күрделі және жиі өзгеретін заңнама сынды жүйелік факторларда жатыр. Мұндай жағдайда кассация түзетуші функцияны орындайды: тәжірибені біркелкі етеді және төменгі сатыдағы соттар үшін стандарттарды белгілейді.
- Сіз БАҚ бойынша үйлестіруші екенсіз, неге сот жүйесінің коммуникациясы көбіне құрғақ әрі күрделі тілде жүреді? Сот шешімін қоғамға түсінікті етіп жеткізу үшін нақты қандай өзгеріс керек?
- Сот төрелігіне деген сенімді арттыру, соның ішінде сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында тұрақты және ауқымды жұмыс жүргізілуде.
Оның тиімді шараларының бірі – әр сот актісін жариялағаннан кейін судьялар тарапынан түсіндіру кезеңін енгізу. Бұл кезеңде шешімдер қарапайым және қолжетімді тілде түсіндіріліп, тараптарға нақты қандай себептер бойынша акт шығарылғаны анық көрсетіледі.
Ал БАҚ координаторлары орналастырған ақпаратқа келетін болсақ, оның ресми сипаты соларда негізінен қоғамдық резонанс тудырған істер жөніндегі баспасөз релиздері мен заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы түсіндірмелер жариялануымен түсіндіріледі.
- Әңгімеңізге рахмет!