Суды үнемдеуді бала кезден үйрету: Астанада жаңа жоба қолға алынды
Оқушылар судың қадірін тәжірибе арқылы түсініп, оны үнемдеудің жолдарын үйреніп жатыр. Жоба балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Астана қаласында Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен Aqua Lab білім беру бағдарламасы аясында оқушыларға арналған интерактивті шеберлік сабақтары өтуде. Бағдарламаны «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ пен Caravan of Knowledge корпоративтік қоры жүзеге асырып жатыр.
Шеберлік сабақтарының басым бөлігі практикалық жұмыстарға арналған. Бағдарлама екі бағытты қамтиды. Оның біріншісі – «Су детективі», екіншісі – «Жорық жағдайында су сүзгісін жасау». Бұл сабақтарда оқушылар суды сүзу принциптерімен танысып, арнайы сүзгі құрастырады және оның жұмысын сынақтан өткізеді.
Сонымен қатар мектеп оқушылары Aqua Lab зертханалық жабдықтарын пайдаланып, сумен қарапайым тәжірибелер жүргізеді. Олар өлшеу нәтижелерін жазып, өзара салыстырады. Ал қызығушылық танытқан оқушылар Aqua Lab үйірмесіндегі сабақтарын жалғастыра алады.
Шеберлік сабақтары «Таным» көпфункционалды орталығында өтіп жатыр. Бағдарламаға Coca-Cola компаниясы мен Астана қаласының Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру әдістемелік орталығы да серіктес ретінде қолдау көрсетіп отыр.
Біз әр баланың алған білімін үйде де, мектепте де қолдана алуына мүмкіндік беру үшін практикалық оқытуға басымдық береміз. Балалар бойында суды үнемдеу дағдыларын неғұрлым ерте қалыптастырсақ, болашақ ұрпақтың еліміздің су ресурстарына деген жауапкершілігі де соғұрлым жоғары болады, - деді «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла.