16 Қараша 2026, 07:12 Фото: depositphotos.com

Суды үнемдемеген: Алматыда жеті көлік жуу орны су желісінен ажыратылды

Тексеру жұмыстары Алматының барлық ауданында жалғасады.

Алматыда көлік жуу орындарының суды тұтыну тәртібі тексеріліп жатыр. «Алматы Су» кәсіпорны суды пайдалануға бақылауды күшейтіп, Әуезов ауданындағы 60 автожуу орнын түгел тексерген.

Тексеру нәтижесінде нысандардың 90 пайызы суды тазартып, қайта пайдалануға мүмкіндік беретін айналымды сумен жабдықтау жүйесін қолданатыны анықталды. Ал мұндай жабдық орнатпаған жеті көлік жуу орны сумен жабдықтау желісінен ажыратылды.

Кәсіпорын мәліметінше, су беру қажетті жабдық орнатылып, оның жұмысы тексерілгеннен кейін ғана қайта қалпына келтіріледі.

Тексеру жұмыстары Алматының барлық ауданында жалғасады. Сонымен қатар сумен жабдықтау желілеріне заңсыз қосылу деректері де бақылауға алынған.

«Алматы Су» кәсіпорны көлік жуу орындарының иелеріне су шығынын азайтып, заңбұзушылықтардың алдын алу жөнінде ұсынымдар әзірлеген.