Суды басқарып отырған су мамандары емес – депутат Бөген мәселесі жайлы

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдаған депутаттық сауалында Түркістан облысындағы "Бөген" су қоймасының бөгетін қайта жаңғыртуды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың мәліметінше, Түркістан облысы әкімдігінің қарамағындағы Ордабасы ауданындағы стратегиялық маңызы бар "Бөген" су қоймасы 1967 жылы пайдалануға берілген, бөгетінің ұзындығы – 5,4 шақырым, ал биіктігі – 19,3 метр.

Бұл су қоймасы "Бөген" елді мекенінен 25 метр биіктікте орналасқан, сыйымдылығы 370 млн шаршы метр, облыстың бес ауданына су береді және 120 мың гектар жерді ағын сумен қамтамасыз етіп отыр.

Сондай-ақ 57 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан бұл су қоймасы әлі күнге дейін күрделі жөндеуден өтпеген. Соның салдарынан оның бөгеті мен жағалауы тозып, бүгінде апаттық күйге жеткен. Су тораптарын басқарып отырған қазіргі басшылары да су мамандары емес екен, - деп айтты Балабиев.

Оның сөзінше, қазіргі кезеңде "Бөген" су қоймасында 349,1 млн текше метр су жиналған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 млн текше метрге аз (2023 ж. - 363,1 млн текше метр).

Көктем кезінде қоймаға су көптеп жиналған жағдайда ескірген бөгет ол мөлшерді ұстап тұруға қауқарсыз. Сол себепті қойманы қиратып алмау үшін су деңгейін төмендетуге мәжбүр. Ал бұл егін науқаны кезінде ағын судың жетіспеушілігіне әкеп соқтырады. Судың тапшылығына байланысты егін көлемі де айтарлықтай азаяды, ал өнім аз болған жерде жалпы өңірлік өнім көлемі өте төмен болады, - деп түсіндірді депутат Қайрат Балабиев.

Ол атап өткендей, 2024-2026 жылдары республика бойынша 20 астам су қоймасының құрылысын бастау және 15 су қоймасын қайта жаңғырту жоспарланып отыр.

Қазақстан өңірлерінде болған алапат су тасқыны мен жоғарыда айтылған маңызды мәселелерді ескеріп, төтенше жағдайды болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігіне қауіпті жағдайда тұрған "Бөген" су қоймасының бөгеті мен жағалауына кезектен тыс қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуді тапсыруыңызды сұраймын, - деп депутат Үкіметке сауал жолдады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы