Судандағы қақтығыстар: 62 мыңнан астам адам үйлерін тастап кетті

26 қазанда Суданның батысындағы Дарфур аймағының әкімшілік орталығы — Эль-Фашир қаласы Жедел әрекет ету күштерінің (ЖӘК) бақылауына өткеннен кейін 62 мыңнан астам тұрғын үйлерін тастап шығуға мәжбүр болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым (Халықаралық көші-қон ұйымы — ХКҰ) хабарлады.

Ұйымның мәліметінше, 26–29 қазан аралығында Эль-Фашир мен оның маңындағы ауылдардан 62 263 адам босып кеткен. Тек 29 қазанда ғана қала мен айналасынан 26 080 адам көшіп шыққан.

Эль-Фаширдегі жағдай әлі де күрделі әрі болжауға келмейді. Елдегі тұрақсыздық жалғасып жатқандықтан, халықтың жаппай көшуі әлі де тоқтаған жоқ, -  делінген ұйым хабарламасында.

Судандағы қақтығыстар және ЖӘК тарапынан жасалған заңбұзушылықтар 2023 жылдың 15 сәуірінен бастап Суданда армия мен сыртқы күштердің қолдауына ие Жедел әрекет ету күштері (ЖӘК) арасында қанды қақтығыстар жалғасып келеді. Дарфур өңірінің ең ірі қаласы саналатын Эль-Фашир ауыр шайқастардан кейін негізінен ЖӘК бақылауына өткен.

Қаладағы жағдайды бейнелейтін ЖӘК жариялаған видеоларда бейбіт тұрғындарды күшпен көшіру, қаруы жоқ адамдарды азаптау және өлтіру сияқты қатыгез әрекеттер түсірілген. Қазір қалада гуманитарлық ахуал күрделі, ал босқындар саны күн санап артып келеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы