17 Қыркүйек 2026, 05:17 Фото: depositphotos.com

Суданда алтын кеніші опырылып, кемінде 67 адам қаза тапты

Судан дәрігерлер одағының мәліметінше, іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда.

Суданның Батыс Кордофан штатында алтын кенішінің опырылуы салдарынан кемінде 67 адам қаза тапты. Бірнеше адам үйінді астында қалып отыр, деп хабарлайды Анадолы агенттігі.

Судан дәрігерлер одағының мәліметінше, іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда. Қаза тапқандар саны артуы мүмкін.

Оқиға Беракик ауданындағы Зера заңсыз алтын кенішінде болған. Бұл аумақты Судан армиясына қарсы соғысып жатқан Жедел қолдау күштері (RSF) бақылап отыр.

Суданда дәстүрлі тәсілмен алтын өндіру саласында 2 миллионнан астам адам еңбек етеді. Оның үлесіне елдегі алтын өндірісінің шамамен 80%-ы тиесілі. Мұндай кеніштердегі еңбек жағдайы көбіне қауіпті саналады.