Суданда 11 қазақстандық өз еркімен қалған
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияров СІМ-де өткен брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Судандағы қарулы күштер мен жылдам қолдау күштері арасындағы қарулы қақтығыстың күшеюіне байланысты Қазақстанның Мысыр мен Эфиопиядағы елшіліктері және Джита Бас консулдығы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау мәселелерін пысықтап келеді. Өздеріңіз білетіндей, бастапқыда Суданда Қазақстанның 3 азаматы жайлы ақпарат белгілі болды, - деді ол.
Өткен аптада өткен брифингтен соң министрлікке тағы 14 азамат хабарласқан. Жалпы 17 азамат.
Осыған байланысты бізде қолда бар ақпаратқа сәйкес жанжал шиеленіскенге дейін Судан аумағында Қазақстанның 17 азаматы бар екені белгілі болды. Олардың басым бөлігі тау-кен компаниясында жұмыс істейді. Біразы сол жердегі халықаралық ұйымдарда жұмыс істейді. Бүгінгі таңда шет елдердің елшіліктерімен бірлесіп, Қазақстанның 6 азаматы жақын маңдағы елдер арқылы эвакуацияланды. Олар Йордания, Сауд Корольдігі, Джита қаласы арқылы Суданнан шығарылған болатын, - деп түсіндірді Айбек Смадияров.
Айтуынша, қазір бір азамат Эфиопияда. БҰҰ-ның ЮНИСЕФ-те қызмет ететін Қазақстанның бір азаматы Йорданиядағы ЮНИСЕФ кампусында орналасты. Ал бір отандасымыз өз қалауы бойынша БАӘ-да қалды. Қалған төрт отандасымыз Қазақстанға оралды.
Енді 11 азамат Суданда өз еркімен қалуға ниет білдірді. Оның ішінде 10 азаматымыз тау-кен компаниясында жұмыс істейді. Ал бір азаматымыз дәрігерлер ұйымында жұмыс істейді. Ол сол жерде жергілікті адамдарға көмектесу үшін өз еркімен қалды. Қазақстандықтар жұмыс істейтін компания басшысымен хабарластық. Жағдай шиеленіссе, әрі қарайғы әрекеттің қалай болатынын келістік. Егер жағдай шиеленіссе, азаматтарымыз сол жерде жұмыс істейтін азаматтармен бірге басқа жерге эвакуацияланады, - деп айтты СІМ ресми өкілі.
Суданда әскери төңкеріс әрекеті болып жатқанын еске сала кетейік. 15 сәуірде Жедел әрекет ету күштері елдің тұрақты армиясымен қақтығыстар кезінде Судан астанасы Хартумдағы халықаралық әуежайды, сондай-ақ Меровтағы әуе базасын бақылауға алды.