Суда қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау керек?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов ОКҚ-да өткен брифингте судағы қауіпсіздік ережелері жайында айтып берді.

Тағы бір тоқталып кететін маңызды мәселе бар. Ол – қалалардағы көпқабатты үйлердің терезелерінен балалардың құлауы. Жылдың басынан бері осындай 27 оқиға тіркелді. Өкінішке қарай, 5 бала қайтыс болса, 10 баланың жағдайы ауыр және 12 орташа ауыр болып ауруханаға түскен, - деді ол.

Осы ретте Бауыржан Сыздықов ата-аналардың назарын қауіпсіздік шараларына аударды.

Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін үлкендер не істеуі керек?

Ең алдымен, балаларды өз бетімен суға шомылуға жібермеу керек. Екіншіден, демалыс орындарына барғанда балаларды назардан тыс қалдырмаған дұрыс. Олар қараусыз қалмауы қажет. Үшіншіден, үлкендердің қарауынсыз бала суға түспеуі керек. Бұл барлығына жалпылама айтылатын алдын алу шарасы, - деп түсіндірді комитет төрағасы.

Ол балаға кішкентайынан суда жүріп-тұруды, жүзуді үйрету қажеттігін айтты.

Сондай-ақ балаларға суда белгіленген арнайы белгілерден асып, жүзіп кетпеуді де үйрету қажет.

Бейтаныс жерде суға түспеген абзал. Сонымен бірге кішкентай қайық, кемелерге жақын жүзбеген дұрыс, себебі астына тартып кететін орындар болады.

Сыздықов кей өңірлерде алдын алу белгілерінің қиратылып не сынып жатқан жағдайлары жиі кездесетініне тоқталды.

Еске сала кетейік, жыл басынан бері 34 бала суға кетті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы