Субұрқақтағы балаларды құтқарған студентті марапаттады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Адамдарды құтқарудағы батылдығы үшін Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің бұйрығымен Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 2-курс студенті Абылай Балапанов «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Марапатты Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев табыстады.
Төтенше жағдайлар министрінің атынан Сізге белсенді азаматтық ұстанымыңыз үшін ризашылығымды білдіремін! Сіз-бүгінгі күннің батыры атағына лайықтысыз. Сын сағатта екінің бірі Сіз сияқты адам өмірін сақтаумен қатар, өз өмірін қауіпке тігіп, жедел шешім қабылдай алмайтын еді, - деді бірінші вице-министр.
Еске сала кетейік, 19 маусымда Абылай субұрқақтың қасындағы орындықта кітап оқып отырған болатын. Айғай-шу мен көмек сұраған дауыстарды естіген жас жігіт субұрқақта тоқ ұрып жатқан адамдарды көрді. Өз өмірі мен денсаулығына қауіп төнгеніне қарамастан, Абылай еш ойланбастан адамдарды құтқаруға кіріскен. Оның айтуынша, екі адамды құтқару кезінде өзін де электр тоғы қатты соққан. Студент өз-өзіне келіп есін жиғанша сол маңда кездейсоқ болған 40-45 жастағы белгісіз ер адам тағы бір қызды құтқарып қалған.
Субұрқақта болған оқыс жағдайда зардап шеккендерге реанимациялық шаралар жасау үшін (жүрекке жанама массаж және жасанды тыныс алу) оқиға орнында болған қаланың жанашыр тұрғындары да атсалысып, көмек берген.
Абылай Балапанов пен аты-жөні белгісіз ер адамның, сондай-ақ, оқиға орнында болға қайырымды жандардың батыл әрекетінің арқасында үш адамның өмірі құтқарылды.
Ибрагим Күлшімбаев жас батырға отбасылық бақыт пен денсаулық тіледі.