Субсидиядан қағылған шаруалар әкімдікке жиналды
Атырау облысы Құрманғазы ауданы Азғыр ауылдық округіндегі шаруалар мал азығына берілетін субсидиядан қағылған. Аудандағы қиын жағдайды біле тұра қол қусырып отырған биліктегілерге өкпесі қара қазандай болған фермерлер облыс орталығына өздері келіп, биліктегілермен бетпе-бет жүздесуді талап етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
500 шақырым жерді артқа тастап, ат арылтып келген шаруалар облыстық әкімдік алдына жиналды. Олар жауаптылардан субсидияның берілуін талап етті. Қуаңшылық қысқанда, жем-шөп алатын жағдайымыз жоқ деп отыр.
Жауаптылар 8 мың халқы бар Азғыр тұрғындарына уәде беріп кетті келіп. Қазан айының басында облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев пен ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы келді бізге. Сол жиналыста субсидия беріледі деп шешілді. Кейіннен хабарын, нақты жауабын ала алмадық. Сол күйі қалды. Жылма-жыл үкіметке салық төлейтін жеке қожалық иелеріне қысқы мал азығы үшін субсидия беріліп келді. Бастапқыда негізі бұл ауыл аруашылығы министрлігі тарапынан алынып тасталды. Кейіннен қиын жағдайлардағы өңірлерге берілуі тиіс деп келісілді. Енді әлі алған жоқпыз. Бізге субсидия берілуін талап етеміз. Нақты жауап керек бізге,-дейді шаруа Думан Меңдеш.
Ауылда қазір мыңдаған киіктен де тыным жоқ көрінеді. Содан онсыз да көзге көрінбейтін шөп оталып қалған. Жануарлардан ауру тарап, қанша бас төрт-түлік те қырылыпты.
Біз облыс орталығынан қашық тұрамыз. Құрманғазы ауданының өзінен 250 шақырым жер. Амансыздан келіп тұрмыз. Үкіметтен көмек болмағаннан кейін, халық өз күшімен әйтеуір тырмысып жатыр. Шөпті өздері алып жатыр. Бірақ ол қалтаға ауыр соққы. Қазір 1 рулон шөптің өзі 15 мың теңге. Сонда 1 шаруа қожалығы 100 рулон алса 1.5 млн ақша, егер 1000 рулон алатын болса 15 миллиондай қаражат кетеді деген сөз. Біз көбіне шөпті БҚО алатын едік. Олардың өзінде де жағдай мәз емес. Бізбен шекаралас 2 бірдей ауылдың өзі жем-шөппен толық қамтылған жоқ. Қысқа дайын емес. Бұл әрине бізге әсерін тигізеді. Ауылдық округ айналасында мыңдаған киік жүр. Шөптің бәрін отап кетті. Одан қалса олардан малға ауру тарап, қанша төрт-түлік қырылды. Оны қарап жатқан ешкім жоқ. Осы мәселелер назарға алынса дейміз,-деді шаруалардың бірі Асылжан Сабырғалиев.
Бұған дейін ауданға кездесуге барғанда жауаптылар шырылдаған шаруаларды "бәрі шешіледі, субсидия беріледі" деп алдаусыратқан. Ол жауапты хат күйінде де жіберген. Бірақ одан кейін еш шара қолдануға шама жетпесе керек.
Облыста, ауданда Азғыр өңірі тұрғындарының қыстағына мал азығын дайындау туралы бірнеше комиссия отырысы болды. Ғылыми институт мамандармен пікірлесіп, ауа-райының жағдайына байланысты, көрші Батыс Қазақстан облысының 2 ауданында және екі ауылдық округінде төтенше жағдай жариялануына байланысты, осы себептерді басшылыққа алып, облыстық, аудандық бюджеттен мал азығын тасымалдауға қажет болған жағдайда қаражат бөлінетінін айтты. Құрманғазы ауданының белсенділері осы субсидия жөнінде ұсыныс беріп, Атырау облысының әкімі С.Шәпкенов жоғары тұрған министрлікке ұсыныс жеткізіп, алдағы 1-2 апта көлемінде ережеге өзгеріс енгізіліп, шаруа қожалықтарға мал бастарына субсидия төленетіні айтылды. Былтыр Азғыр өңірінде ауа-райының қолайсыздығына байланысты мал шығындары болғанын, енді сол жағдайға биыл қайталанбас үшін жасалынып жатқан жұмыс екені ескертілді,-делінген жауап хатта.
Шаруалар әкімдікке жиналып, талаптарын тізгенде әкімнің ауыл шаруашылығы саласына жауапты орынбасары болмады. Іс-сапарға кетуіне байланысты жиналғандарды әкім орынбасары Жасұлан Бисембиев қабылдады. Фермерлердің сұрағын мұқият тыңдаған лауазымды тұлға, алдымен мемлекеттің саясатын түсіндіріп, кейін шаруалардың көңілін көншітетін жауап берді.
Алдымен өзімнің ойымды, мемлекеттің жалпы саясатын түсіндіріп кетейін. Бұл туралы соңғы уақыттарда ел президентінің өзі айтып жүр. Мемлекетке, оның бюджетіне субсидия берген тиімсіз. Оның орнына жеңілдетілген несиені көптеп қарастырып, өзге қаржыны әлеуметтік салаға бағыттаған тиімді. Дегенмен Құрманғазы ауданындағы жағдай белгілі.Азғыр өңірі үшін мал азығын дайындау қиын екенін білеміз. Соған сай біз осы өңірдегі қызмет ететін шаруаларға мемлекет тарапынан тетіктерді пайдаланып, қолдау көрсету туралы шешім қабылдадық.Ол үшін біз екі құжатқа негізделеміз. Біріншіден сол жақта орын алған жағдайларға байланысты төтенше жағдай жариялаймыз. Екіншіден министрліктің тиісті нормативтік құқықтық актісін негізге аламыз. Яғни осындай қиын жағдайға тап болғн шаруаларға көмек көрсетеміз. Тиісті құжаттар қабылданғаннан кейін субсидия беріле бастайды. Төтенше жағдайды біз осы аптада қабылдаймыз. Ал тиісті қаулыны қабылдауға тағы 10 күндей уақыт кетеді. Желтоқсан айында қаражат түсе бастайды,- деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.
Азғыр өңірінде 8 мыңға жуық халық бар. Олардың бәрі малмен жан бағып отыр. Ал ресми тіркеліп, облыс халқын ет өнімімен қамтып отырған шаруа қожалықтарының саны 35. Айта кетсек, былытырдың өзінде облыс бойынша 700 дей шаруа қожалығы мемлекеттен 7,4 млрд теңге субсидия алған. Енді Құрманғазы ауданының шаруалары қазынаның қаржысы түскенше амалдауға мәжбүр.