Балық азығына субсидия берілуі мүмкін
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауыл шаруашылығы министрлігі аквамәдениетті дамытуды мемлекеттік қолдау мақсатында 2018 жылдан бастап тауарлық балық өсіру кезінде жем-шөпті субсидиялау бойынша бюджеттік бағдарламаны іске асыруда.
Балықтың тұқы, бекіре, албырт сияқты басым түрлері субсидияланады. Бағдарлама жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Биыл қолдау мақсатында 430 млн теңге қарастырылды.
1 қыркүйектегі мәлімет бойынша 350,4 млн теңгеге субсидия төленді (79%-ы игерілді). Қазіргі уақытта 27 балық өсіретін кәсіпорын субсидиямен қамтылуда.
Бұдан өзге, бизнес пен «Атамекен» ҰКП ұсыныстары негізінде 2020 жылғы 4 тамызда ҚР АШМ инвестициялық салымдарды субсидиялау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрықты бекітті. Толықтыруларға сәйкес, қуаты 20 тоннадан бастап тұйықталған сумен жабдықтау (ТСЖ) арқылы балық өсіретін кәсіпорын және қуаты 40 тоннадан бастап тауарлық балық өсіретін орнықты шаруашылықтары құрылысының құнын 25% дейін субсидиялау көзделген. Сонымен қатар, қолданыстағы қағидалар аясында көл-тауар шаруашылықтарына арналған жабдықтар мен техниканың құнын 25%-ға дейін субсидиялау қарастырылған. 2019 жылы 450,1 млн теңге сомасына 6 шаруашылық субсидияланды.
Сонымен қатар, Жамбыл облысының әкімдігі 10 млн теңге көлемінде қосымша қаражат бөлуді қарастыруда. Соңғы 10 жылда балық шаруашылығы бойынша жалпы өндірістік қуаты 3,26 мың тонна балық өнімін құрайтын 13,9 млрд теңге сомасына 13 жоба қаржыландырылды. Атап айтқанда, биыл «AGCO Corporation» америкалық компаниясын тарта отырып, Ақмола облысында қуаттылығы жылына 500 тонна форель өсіру бойынша жабық үлгідегі балық өсіру кешенін салу жобасы мақұлданды. Қаржыландыру үшін бірінші транш бөлінді.
Ақтөбе облысында қуаты жылына 1500 тонна болатын «Мұрагер-2» ЖШС балық өсіру жобасының құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 75% аяқталды. Жобаны қаржыландыру «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. ҚР АШМ қазіргі уақытта субсидияланатын балық түрлерінің тізбесін кеңейту, жемшөпті субсидиялау үшін сом және сига балық түрлерінің тізбесіне енгізу мәселелерін қарастыруда.