Бүгiн 2026, 02:34 Фото: istockphoto.com

«Су жоқ, бірақ ай сайын ақы төлейміз»: Ақтауда тұрғындар наразылық білдірді

Жергілікті атқарушы органдар мәселенің бақылауда екенін мәлімдеді.

Ақтауда мемлекеттік бағдарлама аясында пәтер алған тұрғындар ауыз су мәселесі шешілмегеніне қарамастан, жалдау ақысын төлеуге мәжбүр болып отырғандарын айтып, наразылық білдірді, деп хабарлайды Lada.kz.

37-шағынаудандағы №4 үйдің тұрғындарының айтуынша, кілттерді алған сәттен бастап жалдау төлемі есептеле бастаған. Алайда үйде әлі күнге дейін тұрақты ауыз су жоқ болғандықтан, көпшілік пәтерлеріне толыққанды қоныстана алмай отыр.

Тұрғын Виктория Шешеневаның сөзінше, бір бөлмелі пәтер үшін ай сайын шамамен 11 500 теңге, ал екі бөлмелі пәтер үшін 17 мың теңгеге жуық жалдау ақысы есептеледі. Оның айтуынша, мамыр, маусым және шілде айларының төлемдерін жасау талап етілген, ал төлем уақытында жүргізілмесе, өсімпұл қарастырылған.

Бұл мәселеге қатысты ҚР Президенті Әкімшілігінің Өңірлік даму мониторингі бөлімі түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылы Ақтау әкімдігі әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін аталған үйден 95 пәтер сатып алған. Пәтерлер 2026 жылдың наурыз–сәуір айларында беріле бастаған. Қазіргі уақытта 71 пәтерге тұрғындар қоныстанса, қалған 24 пәтерді беру рәсімі жалғасып жатыр.

Ресми ақпаратқа сәйкес, үй пайдалануға берілген кезде ауыз су болғанымен, кейін магистральдық су құбырында бірнеше рет апат тіркелген. Қазіргі таңда құбырды қайта жалғау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтап, 15 шілдеге дейін тұрақты су беруді қамтамасыз ету жоспарланған.

Осы уақытқа дейін тұрғындарды ауыз сумен арнайы су таситын көліктер арқылы қамтамасыз ету көзделген. Сонымен қатар қалыптасқан жағдайға байланысты Ақтау әкімінің орынбасары Диспан Саркеновке тәртіптік жаза қолданылатыны хабарланды.

Жергілікті атқарушы органдар мәселенің бақылауда екенін мәлімдеді.