Су жаңа балабақша жыл сайын жөндеуге жабылады

Атырау қаласындағы су жаңа балабақша жыл сайын жөндеуге жабылады. Ірі компания демеушілігімен салынған нысанға былтыр бюджеттен 16 млн теңге ақша бөлінген еді. Енді биыл тағы да күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық сметалық құжат жасалып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

290 балаға шақталған "Болашақ" бөбекжай-бақшасы Еркінқала ауылдық округінде орналасқан. Облыстағы ірі мұнай компанияларының бірі әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының аясында қаржы бөліп, ғимарат 2019 жылы қолданысқа берілген. Содан бері көп уақыт өтпесе де нысанның шикілігі біртіндеп шыға бастаған. Биыл наурыз айынан бастап кейбір бөлігіндегі қабырғаларда жарық пайда бола бастаған. Ол күн өткен сайын ұлғайыпты. Одан бөлек едені түсіп, сылағы құлап, кафельдер сынып жатқан көрінеді. 

Шынымен де ол жарығы бір орында тұрмай, көбейе берді. Одан кейін біз қалалық білім бөліміне хабарласып, жағдайдың бәрін айттық. Техникалық зерттеуден өткізілді. Сол техникалық зерттеу қорытындысымен сарапшы бұл балабақша бала қабылдауға жарамсыз екенін айтты. Толық жөндеуден өткізу керек екен. Тіпті қызметкерлер үшін де қауіпті деді. Сондай қорытынды шығарды,-дейді № 37 "Болашақ" бөбекжай-бақшасының директоры Гүлбану Қонаева.  

Ғимарат сұрықсыз күйде болса да бұған дейін жауаптылар балаларды нысанның қауіпсіздеу деген бөлігіне орналастырып, оқу-тәрбие процесін сол аумақта жалғастырған еді. Ол кезде бір топқа 35 баладан қосып, солай жұмыс істеуге мәжбүр болды. Алайда 1 маусымнан бастап балаларды жақын маңдағы балабақшаларға бөліп, ауыстырған. Сол уақыттан бастап жөндеуді қажет ететін балабақша да жабылып, жұмысын уақытша тоқтатты. 

Балаларды жақын маңдағы балабақшаларға орналастырамыз. Қызметкерлердің көбі еңбек демалысына кетеді. Еңбек демалысынан кейін оларды барлық заңдылықтарды ескере отырып, жұмыссыз қалдырмаудың жан-жақты амалын қарастырамыз. Жаңа ұжымдық шартта көрсетілгендей жұмысты жасағысы келмейтіндер болса, біз осы уақытқа дейін алып келген еңбекақыларының 50 пайызын төлеуге жұмыстанамыз,-дейді № 37 "Болашақ" бөбекжай-бақшасының директоры Гүлбану Қонаева.  

Айта кетсек ірі компания бұл бөбекжай құрылысына 698 млн теңге қаржы бағыттаған. Бөлінген ақшаға жұмысты жүргізген "Тоныкөк" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бар кінә мердігер компаниядан болса оны әкімдік қабылдап алмас еді. Облыстық құрылыс басқармасындағылар нысан тапсырылған кезде еш ақауы болған жоқ деп мойындап отыр. Қолданысқа берілерде техникалық, авторлық қадағалаушылар құрылыс нормаларына сәйкес қарап алған. Ендә шенділер нысанды осындай күйге жеткізген сол ғимаратты пайдаланушылар деген ойда. 

Пайдалануға ұстаушы мекеме астына суды кетіріп алуы мүмкін. Оны білмейміз ғой. Әртүрлі жағдай болады. Көбіне астына су кету жағдайынан болады ғой. Пайдаланып жатқан кезде кәріз суы бар, ауыз суы бар, суаратын сулар бар, жертөлеге түсіп кетсе сондай жағдайда алып келіп келеңсіздік тудырады. Оны техникалық зерттеуде ғана анықтауға болады,-дейді Облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы Күлән Құлбаева. 

Қазір әкімдіктегілер балабақшаның күрделі жөндеуін жасау үшін жобалық сметалық құжат жасақтап жатыр. Ол аяқталып, сараптамадан оң қорытындысын алса, бюджеттен қаржы бөлінсе, жұмыс басталады. Бірақ қазынадан қанша қаржы сұратылып, жөндеудің қашан аяқталатыны белгісіз. Оған дейін бөбектер сол маңдағы балабақшаларда тәрбиеленуге мәжбүр болады.  

Айта кетсек, қазір облыста әр сала бойынша түрлі құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Білім саласында да бой көтерген, іргетасы қаланған нысандар аз емес. 2024 жылы 1250 орындық 6 балабақша құрылысы басталса, оның біреуі қолданысқа берілген. Қалған 5 бөбекжайда жұмыс жүріп жатыр. Демеушілікпен салынып жатқан балабақшалар да бар. Сондай-ақ әкімдіктегілер қазір 940 орындық 5 балабақшаның жобалық сметалық құжаты жасалғанын айтады. Одан бөлек 3190 орындық 14 балабақшаның сметалық құжаты әзірленіп жатыр. Оның дені аудандарда салынады. 
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы