Су заңнамасын бұзғандарға 13 млн теңгеден аса айыппұл салынды

2023 жылы су заңнамасын бұзғандарға жалпы сомасы 13 млн теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің бассейндік инспекциялары өткен жылы су заңнамасының талаптарын сақтау бойынша 64 тексеріс жүргізді. Салдарынан 129 бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, су объектілерін заңсыз басып алу, рұқсат етілген көлемнен артық су алу, су шаруашылығы құрылыстары пайдалану ережелерін бұзу, заңсыз су ұңғымаларын бұрғылау және жерасты суларын алу құрылыстарын салу, суды бастапқы есепке алу тәртібін бұзу және есепке алу деректерін бұрмалау сынды бірқатар бұзушылық тіркелді. 

Анықталған бұзушылықтарды жою бойынша 56 ұйғарым беріліп, 63 әкімшілік іс сотқа жіберілді. Бүгінгі күнге су заңнамасын бұзғандардан 11 млн теңгеден астам қаражат өндірілді, - делінген хабарламада.

Елімізде су ресурстарын қорғау мәселесі өте өзекті. Судың «қара нарығын» жою және оның шығынын бақылауды қамтамасыз ету үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі бассейндік инспекция штатын 1,5 есе көбейтті. Егер бұрын бассейндік инспекция қызметкерлерінің саны 98 адам болса, қазір жалпы штат саны 242 адам. 

Бұдан бөлек, жаңа Су кодексінде бассейндік инспекцияларға қадағалау функцияларын да беру көзделген. Ал кәсіпкерлік кодекс су ресурстарын басқару органдары жедел ден қою шараларын қабылдай алатын нормалармен толықтырылатын болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы