Су үнемдейтін шаруаларға субсидия ұлғайтылады

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Түркістан облысы Шардара ауданының шаруаларымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Нұржан Нұржігітов ауыл шаруашылығы саласының өкілдерін қолдау мақсатындағы қолданыстағы және әзірленіп жатқан іс-шаралар мен оларды су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру жөніндегі шешімдер туралы айтып берді.

Мысалы Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп үнемді суару жүйелерін орнатуға және сатып алуға арналған шығындарды субсидиялау мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ, шаруа қожалықтары «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнымен шарт жасасу арқылы суармалы суды неғұрлым тиімді бағамен ала алады. Министрлік отандық және шетелдік компаниялармен Қазақстанда су үнемдеу саласындағы әзірлемелерді енгізу бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.

Шардара ауданының шаруалары Нұржан Нұржігітовке өздерін толғандыратын сұрақтарды қойып, мәселелер мен ұсыныстарын айтты. Атап айтқанда, «Қазсушармен» жасалатын келісім-шарттардың талаптарын, оның ішінде, су беру кестесінің бір бөлігі бойынша пысықтауды ұсынды.

Сондай-ақ, шаруалар өсірілетін дақылдардың түрлеріне байланысты тарифтеудің жоқтығы туралы және СДЖЖ-2 (суару және дренаждық жүйелерді жетілдіру) жобасы бойынша өз ескертулерін айтты. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындар Шардара ауданында жаңа магистральдық арналар мен топтық су құбырларын салу, күріш егістігін қысқарту, тарифтер мен субсидиялар туралы сұрақтар қойды.

Ал су үнемдеу технологиялары саласындағы отандық және шетелдік компаниялардың өкілдері шаруаларға өз әзірлемелерін ұсынды.

Жиналғандардың барлығына ашықтық пен белсенділік үшін алғыс айтамын. Шаруа қожалықтары өз ұсыныстарымен белсенді бөлісуі керек. Біз субсидиялауды 30%-ға ұлғайту бойынша жұмыс істеп жатырмыз, ал озық суару жүйелерін шығаратын кәсіпкерлер құны миллион теңгеден артық жобалық-сметалық құжаттаманы тегін әзірлеуге, сондай-ақ өз жабдықтарына үш жылдық кепілдік беруге дайын. Бұдан басқа, мемлекет трансформаторларды орнатуға, электр желілерін салуға және басқа да инфрақұрылымға жұмсалатын шығындардың бір бөлігін субсидиялайды. Сондықтан егер су ресурстарын сақтап қалғымыз келсе, бір-бірімізбен белсенді қарым-қатынас жасауымыз керек, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы