Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда ұялы байланыс қалпына келтіріліп жатыр

Еліміздегі су тасқыны базалық станцияларды электрмен жабдықтау және ажырату проблемаларына әкеп соқтырды. Салдарынан Ақтөбе, Қостанай, Атырау және Ақмола облыстарындағы ұялы байланыс операторлары желілерінің жұмысы тежелді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ЦДИАӨМ ресми өкілі Альбина Атеннің айтуынша, Құлсары қаласында 5 базалық станция су астында қалды, қазір олар басқа байланыс станциялары есебінен қамтамасыз етілуде. 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта жүздеген маман су тасқыны аймағында жүр. Көмек сұрау, су басқан аудандарда жақын адамдармен байланыста болу, эвакуациялау немесе су тасқынымен күресу бойынша бірлескен жұмыстарды үйлестіру үшін төтенше жағдайлар кезінде байланыста болу өте маңызды. Сондықтан төтенше жағдайдың алғашқы күндерінен бастап барлық ұялы байланыс операторлары су басқан аймақтарда болды.

Атап айтқанда, Beeline компаниясы су басқан елді мекендерден эвакуацияланған 33 мыңнан астам абонентті жалпы құны 132 млн теңгеден астам тегін дауыстық байланыспен және интернетпен қамтамасыз етті. Tele2/Altel мамандарының мобильді командасы тікұшақпен жүріп, Қостанай облысында бірнеше базалық станцияларды қалпына келтірді. Дәл Қостанай облысында су тасқынынан осы байланыс операторының инфрақұрылымдық объектілері ең көп зардап шекті. Сондай-ақ, оператор Ақмола облысында оператордың базалық станциясы зардап шеккен Есіл ауданы Заречное ауылында техникалық қиындықтар мен бұзылуларды анықтау бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде, - деді спикер.

Барлық су басқан аумақтарда Kcell және Activ компанияларының 600 мыңға жуық абоненті бар. Су тасқыны салдарынан электр қуатының өшуіне байланысты бүгінде жұмыс істемейтін базалық станциялар бар. Себебі әрбір базалық станция электр қуатымен жұмыс істейді. 

Қазіргі уақытта Құлсары қаласында бірқатар базалық станция орнатылған қадалар опырылып, Қостанай қаласында Kcell ұялы байланыс операторының жабдықтары орналасқан үй-жайларды су шайып кеткені белгілі.

Бүгінгі таңда ұялы байланыс операторлары  жұмыс істемейтін жабдықты ауыстыру, су басу қаупі бар аймақтардан және эвакуацияланатын аумақтардан техниканы эвакуациялау және жабдықты су деңгейінен жоғары жылжыту жұмыстарын, электр энергиясы жоқ жерлерде дизельдік генераторларды қосу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ әкімдіктермен бірлесе құм дорбаларын жеткізу және дизельдік отынды генераторларға жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді ведомствоның ресми өкілі.

Цифрлық даму министрлігінен Қостанай облысына 30 Starlink терминалы, Ақтөбе облысына 3 терминал, БҚО-на 2 терминал, Ұлытау облысына 1 жинақ, Атырау облысына 6 терминал, Шығыс Қазақстан облысына 2 терминал және Солтүстік Қазақстан облысына 3 терминал жіберілді.

Бұдан бөлек, ұялы байланыс операторлары су тасқыны аймағында орналасқан абоненттерге тарифтік жоспарларға қосымша ресурстар қосты. Сонымен қатар министрлік жедел, үздіксіз байланысты ұйымдастыру мақсатында Ақтөбе облысының әкімдігіне «Thuraya» спутниктік телефондарын пайдалануға берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі
Өзгелердің жаңалығы