Су тасқынынан кейін 8,8 мыңнан астам қазақстандық отбасы мемлекеттік қолдау алды

Қазақстанда жойқын су тасқыны салдарынан зардап шеккен азаматтардың шығынын өтеу процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Үкімет бұл жұмыстарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүргізуде.  

Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және еліміздің басқа да облыстарының тұрғындары арнайы құрылған өңірлік комиссияларға тиісті өтініштерін беріп жатыр. Бүгінгі таңда 16 862 өтініш келіп түскен.

Ағымдағы жылдың 20 сәуіріндегі жағдай бойынша 8 814 отбасы жалпы сомасы шамамен 3,2 млрд теңге болатын 100 АЕК көлеміндегі біржолғы төлем алды. 2 мыңнан астам отбасы келтірілген материалдық шығын үшін 1 млрд теңгеге жуық өтемақы алды. Мал шығыны үшін берілген өтемақының жалпы сомасы 89 млн теңгеге жетті.  

Қазіргі таңда зардап шеккен өңірлерде 3210  тұрғын үй тексеріліп, олардың 1969-ына бағалау жүргізілді.

311 үйде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 447 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.  

35 отбасыға ескі үйдің орнына жаңа баспана және пәтерлер берілді.

Келтірілген шығынды өтеу жұмыстары жалғасып жатыр және олар Үкіметтің қатаң бақылауында. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша барлық зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіледі. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Үкімет баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы