Су тасқынынан 113 мыңнан астам адам эвакуацияланды
Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, 15125 адам өз үйлеріне оралған. Эвакуациялау пунктерінде 6704 адам, оның ішінде 3052 бала бар.
Су тасқыны басталғалы бері барлығы 113 867 адам, оның ішінде 39 943 бала құтқарылып, эвакуацияланды. 112 539 ауыл шаруашылық жануарлары қауіпсіз жерге айдалды. Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5732 жеке тұрғын үй, 1579 аула аумағы және 2035 саяжай үйлері су астында қалуда, - деді Ерасыл Сайпаш.
Қазіргі уақытта су тасқыны қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр. Авариялық-құтқару жұмыстарының нәтижесінде 9,7 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылса, 2,4 млн қапшық және 1,2 млн астам тонна инертті материал төселген.
Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 33 391 адам, 4 470 техника, 890 су сору құралы, 392 жүзу құралы, 18 әуе кемесі жұмылдырылды. ТЖМ психологтары жергілікті жерлерде және жедел желі телефондары арқылы азаматтарға шұғыл психологиялық көмек көрсетуді жалғастыруда. Жедел желіге түскен 1816 қоңырау пысықталды. Мемлекеттік материалдық резервтен Атырау облысына қосымша 81 тонна азық-түлік тауарлары мен 158 тонна мұнай өнімдері, Батыс Қазақстан облысына 10 мың адамға арналған төсек-орын жабдықтары броньнан шығарылды. Жалпы зардап шеккен өңірлерге теміржол, автомобиль көліктерімен және әуе кемелерімен 3290 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді, - деді спикер.
Одан бөлек, Ақмола облысында Есіл, Жабай өзендерінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Жарқайың ауданының Гастелло ауылында, Жақсы ауданының Ишимское ауылында, Сандықтау ауданының Каменка ауылында, Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Соколовка, Большая малышка, Кустовое, Вагулина, Красноярка, Пресновка ауылдарында 50 жеке тұрғын үй су астында қалған. Қазіргі уақытта 600-ге жуық адам алдын ала эвакуациялау пункттері мен туыстарының үйлеріне орналастырылды.
Су басу қаупіне байланысты қазіргі уақытта Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Құйлыс ауылында эвакуациялау жүргізілып жатыр. Еліміздің 8 өңірінде Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті ауқымдағы 38 ТЖ әрекет етеді,-деді Ерасыл Сайпаш.