Бүгiн 2026, 19:25 Фото: gov.kz

Су тасқынына қарсы республикалық дайындық басталды

Елімізде «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы жалғасуда.

Елімізде «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқу-жаттығу аясында Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында төтенше жағдайларды жою іс-қимылдарын, сондай-ақ авариялық-құтқару қызметтері мен азаматтық қорғау құралымдарының практикалық іс-қимылдарын пысықтау бойынша командалық-штабтық жаттығулар өткізілді. Азаматтық қорғау қызметтерінің практикалық іс-қимылдарын пысықтау үшін су тасқыны қаупі жоғары елді мекендерде өңірлік тактикалық-арнайы жаттығулар ұйымдастырылуда.

Астана қаласында тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар 6 ауданында өтті. Аңыз бойынша күннің күрт жылынуы мен қардың қарқынды еруі салдарынан тұрғын үй алаптары мен тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын су басу қаупі туындады. Азаматтық қорғау күштері мен құралдары дайындыққа келтіріліп, жедел штаб құрылды, халықты эвакуациялау ұйымдастырылды және зардап шеккен тұрғындарды қабылдау пункттерінің жұмысы қамтамасыз етілді. Суды сору және қорғаныш құрылыстарын нығайтуға арналған инженерлік техниканың, жүзу құралдарының және сорғы жабдықтарының дайындығы тексерілді. Жалпы оқу-жаттығуға 104 бірлік техника және 269 адам жұмылдырылды. Әртүрлі ведомстволар арасындағы іс-қимылды үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Екінші күні Алматы қаласында су тасқынының алдын алу және олардың салдарын жою іс-шаралары пысықталуда. Шартты төтенше жағдай кезінде мүмкін болатын су тасқыны аймағында баспанасыз қалған, су тасқыны аймағынан эвакуацияланған тұрғындарды қабылдау пункттері ашылды. Қабылдау пункттері барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген: жатын орындар ұйымдастырылып, төсек-жабдықтар беріліп, тұрғындарға тамақтану және психологиялық көмек көрсету пункттері жұмыс істейді. Сонымен қатар қаланың өзендерінде алдын алу іс-шаралары жүргізілуде, атап айтқанда өзен арналарын мұздан және қоқыстан тазалау, сондай-ақ арық жүйесін тазалау арқылы судың еркін өтуін қамтамасыз етті.

Шымкент қаласында оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес, шартты түрде мол жауын-шашын мен қардың еруі салдарынан өзен арналарының бітелуі, су деңгейінің көтерілуі, жасанды арықтардың толуы және автокөлік жолдарын су басу жағдайлары орын алып, тұрғын үйлерге қауіп төнді. Практикалық кезең барысында өзен арналарының су өткізу қабілетін қалпына келтіру, механикалық тазалау және арнаны бұру жұмыстары жүргізілді; жағалауларды нығайту, тереңдету және тазарту арқылы тұрғын үйлерді су басу қаупінің алдын алу шаралары атқарылды; су жинақтаушы дамбалардың деңгейін инертті материалдар салынған қаптармен көтеру жұмыстары ұйымдастырылды; көпір асты кеңістіктері мен ирригациялық жүйелер тазартылып, зақымданған элементтер қалпына келтірілді; автокөлік жолдарына жайылған судың салдарын жою және жол қозғалысын реттеу іс-қимылдары пысықталды. Сонымен қатар су тасқыны салдарын жою мақсатында басқа өңірлерге инженерлік техникаларды теміржол платформалары арқылы жөнелту алгоритмі іс жүзінде тексерілді.

Алматы облысындағы Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылы аумағында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің және № 28237 әскери бөлімінің жеке құрамы сапқа тұрғызылды. Практикалық іс-шаралар барысында ұзындығы шамамен 500–600 метр арық жүйесін тазалау және кеңейту жұмыстары жүргізілді. Бұл еріген қар суының мектепке және 80 адам тұратын 25 тұрғын үйге жетуінің алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар екінші учаскеде 500-ге жуық тұрғыны бар 130 тұрғын үйді су басудың алдын алу мақсатында еріген суды жинауға арналған қазаншұңқыр қазылды. Жиналған су ассенизаторлық техникамен сорылып шығарылатын болады.

Ақтөбе облысында өзен арналарын өсімдіктерден тазарту, арықтар мен каналдарды тазалау, су тасқыны қаупі бар учаскелерден қар шығару жұмыстары атқарылды. Тамды өзенінде ескі уақытша өткел бұзылып (жалпы салмағы 60 тонна болатын екі бетон плита бөлшектелді), сондай-ақ Сазды өзенінде мұз кесу жұмыстары жүргізілді.

Инженерлік техникаларды теміржол платформаларына тиеу және түсіру, шартты су тасқыны қаупі бар аймақтардан халықты эвакуациялап, уақытша орналастыру пункттеріне орналастыру, ауыл шаруашылығы жануарларын қауіпсіз жерге айдау жұмыстары орындалды. Сонымен қатар ҚР ТЖМ 20982 әскери бөлімінің күштері мен құралдарына саптық тексеру жүргізіліп, шартты елді мекенге марш ұйымдастырылды, сондай-ақ су тасқыны қаупі бар аумақтарға әуеден барлау жасалды. Жалпы облыс бойынша 60 практикалық іс-шара өткізілді, оның ішінде 9-ы Ақтөбе қаласының аумағында өтті.

Оқу-жаттығу аясында екі күн бойы Атырау облысы Жылыой ауданының Құлсары қаласы аумағында елді мекеннен зардап шеккендерді эвакуациялау, жаға бекіту жұмыстары,  қаптарды инертті материалдармен толтыру, бөгетті нығайу,  сондай-ақ мұз астына түскен көліктерден адамдарды құтқару жұмыстары пысықталды.

Операцияға құтқару қызметтері, жетуі қиын жерлерде жұмыс істеу үшін өтімділігі жоғары техника қатысты. Оқу-жаттығудың маңызды элементтерінің бірі уақытша орналастыру пункттерінің дайындығын қамтамасыз ету болды, олар Құлсары қаласының  тұрғындарына тамақ, медициналық көмек және жатын орындарын ұсына отырып, жайлы тұруды қамтамасыз етті. Оқу-жаттығуда су тасқыны жағдайында көмек көрсетуге дайындалған азаматтық қорғау күштері мен құралдарына да маңызды рөл берілді.

Батыс Қазақстан облысының аумағында ауа температурасының күрт көтерілуі мен Шаған өзеніндегі мұз жамылғысының жұқаруына байланысты шартты түрде суға батқан автокөлікті судан шығару бойынша оқу-жаттығу өткізілді.Оқу-жаттығу барысында мамандар оқиға орнын қоршау, су айдынындағы жағдайды бағалау, қауіпсіздік шараларын сақтау және арнайы техниканы пайдалана отырып автокөлікті шығару алгоритмін пысықтады. Құтқарушылар жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етіліп, бекіту тростары штаттық бекіту нүктелеріне орнатылды. Автокөлік автокранның көмегімен жағаға шығарылды. Жанар-жағармай материалдарының төгілуіне жол бермеу және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларына ерекше назар аударылды.

Қарағанды облысының аумағында оқу-жаттығу аясында бөлімшелер күштерді қайта топтастыру үшін жедел түрде автоколонналар қалыптастыруға кірісті. Шартты түрде су тасқыны аймағындағы топтастыруды күшейту мақсатында автоколонна Солтүстік Қазақстан облысына жіберілді. Колоннаның қозғалысын ұйымдастыру, басқару, жол және қамтамасыз ету қызметтерімен өзара іс-қимыл мәселелері пысықталды.

Сонымен қатар инженерлік және арнайы техника шартты түрде зардап шеккен Батыс Қазақстан облысына жөнелту үшін теміржол платформаларына тиелді. Іс-шара барысында техниканы қауіпсіз тиеу, бекіту және тасымалдау кезінде алып жүруді ұйымдастыру әрекеттері пысықталды.

Бір мезгілде Самар ауылдық округінің Абай ауданындағы «Огороды» бөлімшесінде қорғаныш бөгенін нығайту бойынша практикалық жұмыстар жүргізілді. Су басу қаупі бар аймақтардан халық эвакуацияланып, зардап шеккендерді қабылдау пункті ашылды. Пунктте азаматтарды тіркеу, тамақтандыруды ұйымдастыру, медициналық тексеру және алғашқы көмек көрсету қамтамасыз етілді.

Қостанай облысының аумағында негізгі практикалық іс-шаралар Қарасу ауданы Ильичев ауылдық округінің Новоселовка ауылында өтті. Оқу-жЖаттығу сценарийіне сәйкес ауа температурасының күрт көтерілуі, мол жауын-шашын мен қардың қарқынды еруі салдарынан су бұру каналы мен Құндызды өзенінің су деңгейі көтеріліп, салдарынан 115 тұрғын үй, автожолдар мен инфрақұрылым нысандары шартты түрде су астында қалды, сондай-ақ 30-дан астам электр беру желілерінің тіректері шайылды. Елді мекеннің бір бөлігі тасқын сумен оқшауланып, кіреберіс жолдар, байланыс және электрмен жабдықтау жүйелері бұзылды.

Оқу-жаттығу барысында «112» нөмірі арқылы шұғыл құлақтандыру, аулаларды аралау, тұрғындарды уақытша орналастыру пункттеріне эвакуациялау, ауыл шаруашылығы жануарларын қауіпсіз аймаққа айдау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері пысықталды. Авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстар жүргізіліп, алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетілді, шартты зардап шеккендерді авиациямен эвакуациялау жүзеге асырылды.

Құтқарушылар су кедергісі арқылы өткел ұйымдастырып, «Казавиаспас» тікұшағын пайдалана отырып мұз астына шартты түрде түсіп кеткен үш балықшыны құтқару операциясын өткізді. Сонымен қатар жағалауды бекіту, топырақтан дамба тұрғызу және қап төсеу, өзен арнасын кеңейту, электр желілерін қалпына келтіру және су басқан аумақтардан еріген суды сорып шығару жұмыстары атқарылды. Осындай практикалық жаттығулар облыстың барлық қалалары мен аудандарында өтті.