Су тасқынына дайындық аясында 84 жаңа техника берілді
Су ресурстары және ирригация министрлігі су тасқынына дайындық аясында "Қазсушар" филиалдарын 84 жаңа техникамен қамтамасыз етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның ішінде 8 автокран, 14 самосвал, 7 трактор, 23 тиегіш және 32 газель көлігі бар.
Арнайы техника паркін жаңарту су шаруашылығы нысандарын бақылауды күшейтуге және инфрақұрылымды үздіксіз пайдалануды қамтамасыз етуге, жұмыстардың жеделдігін және сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Министрліктің бұл бастамасы су шаруашылығы саласын жаңғырту бойынша кешенді жоспарының бір бөлігі ғана. Ведомство алдағы бірнеше жылда су шаруашылығы техникаларының 65-70%-ын жаңартуға ниетті.
Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» филиалдарын жалпы саны 757 жаңа техника және арнайы жабдықтармен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Оның ішінде шынжыр табанды техника, эксковаторлар, ауыр жүк көліктері мен тракторлар бар. Бұдан бөлек, жаңадан 8 жерснаряд алынады. Бұл су қоймасының түбін түрлі шөгінділерден тазартуға арналған кемелер. Арнайы техника су тасқыны қаупін азайтуға, каналдардың су өткізу қуатын арттыруға және қосымша бос орын есебінен су сақтау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді, - деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.