Су тасқыны. Жетісулықтар БҚО-ға гуманитарлық көмек жөнелтті

Бүгін Жетісу облысынан су тасқынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына гуманитарлық көмек жіберілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл қолдау шарасы "Amanat" партиясының облыстық филиалы мен "Мейірімді Жетісу" волонтерлік фронт офисі арқылы жүзеге асырылды. Осы күні жалпы сомасы 40 миллион теңге болатын 85 тонна азық-түлік, киім-кешек және тұрмысқа қажетті заттар жөнелтілді.

Облыстық қоғамдық даму басқармасының мәліметіне қарағанда, су тасқынынан зардап шеккендерге қаржылай жәрдем де көрсетілуде. Мәселен, кәсіпкерлер қаржылай демеушілік жасаса, мемлекеттік қызметкерлер бір күндік еңбекақысын арнайы есепшоттарға аударған, оның жалпы сомасы 150 миллион теңге болды. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарына қажетті 1000 тонна цемент жіберіледі.

Еске салсақ, "Amanat" партиясының өңірдегі филиалдарында және «Жетісу жастары» ғимаратында жалпы саны 10 қабылдау пункті ашылған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы