Су тасқыны және өрт: Сенатор Павлодар облысының тұрғындарына төнген қауіп туралы айтты
Сенатор Ернұр Әйткенов "Ертіс Орманы" орман резерватындағы ауылдарға жыл сайын су басу мен өрт қаупі төнетіні жайлы мәселе көтеріп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенатор Павлодар облысындағы Баянауыл ауданының тұрғындарымен кездесу барысында ауыл халқы көктемгі су тасқыны кезіндегі мәселелерді бірнеше рет көтерген.
Гидротехникалық құрылыстардың әбден тозып істен шығуына байланысты бұл ауылдарды еріген қар суы шайып кетуі мүмкін. Қазір бұзылған бөгеттер әкімдіктің қарамағында және оларды қалпына келтіру бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Топырақ үйіп бөгет жасау мен шлюз реттегіштерін орнату үшін шамамен 5,5 млрд теңге қажет, - деді сенатор.
Оның айтуынша, жобаны іске асыру Ащысу өзеніндегі су тасқынын барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Жайылма суару жүйесіне су жіберген соң дымқыл жерге қаулап шыққан көк шалғын жоғары өнім береді және ірі мал азығын жаппай жинап алуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жайылымдық мал шаруашылығының дамуына оң ықпал етіп, 6 мыңнан астам тұрғыны бар төрт ауылдық округті жем-шөппен қамтамасыз етеді. Тасқын суды жайылманың суармалы жерлеріне бөлу есебінен 18 елді мекенді су басу қаупі азаяды, - деді Ернұр Әйткенов.
Сенатордың айтуынша, 2023 жылы «Ертіс Орманы» мемлекеттік орман резерватында өртті ерте анықтау жүйесін орнату үшін республикалық бюджеттен шамамен 2,4 млрд теңге бөлінген.
Облыс әкімдігі құрылымдық бағынысты мекемелердің аумағында орман өртіне мониторингі жүйесін орнату мәселесін де пысықтады. Алайда, діңгекті антенна құрылымдары мен бейнебақылау камераларын орнату ең оңтайлы шара болып отыр. Бұл жүйе процестерді автоматтандыру тұрғысынан жетілдірілген,-деді Ернұр Әйткенов.