Су тасқыны: Зардап шеккендерге біржолғы әлеуметтік төлемдер басталды

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қостанай облысындағы негізгі су қоймаларында су ағызу бойынша жұмыстар басталған.

Қаратомар су қоймасында соңғы тәулікте су ағызу секундына 1100 текше метрге азайды және секундына 2 200 текше метр құрады. Сондай-ақ, Жоғары Тобыл (секундына 1500-ден 1200 текше метрге дейін) және Желқуар (секундына 750-ден 522 текше метрге дейін) су қоймалары бойынша су ағызудың төмендеуі байқалады. Мұның сыртында, өзендердегі су деңгейі де төмендеп келеді. Тобыл өзенінің бас жағында соңғы тәулікте 71 см-ге, Әйет өзенінде 91 см-ге төмен түскендігі тіркелді. Қарасу ауданындағы Тімтуір, Құндызды және Қарасу өзендеріндегі су деңгейінің төмендеуі тәулігіне 13-тен 97 см-ге дейін құрады.Облыстың оңтүстік бөлігіндегі Торғай, Дәмді және Қабырға өзендерінде судың әлі де жоғары деңгейі сақталып отыр, - деді Арман Әбенов.

Облыста су басудан зардап шеккендерге көмек көрсету жұмыстары жалғасып жатыр.

Біржолғы әлеуметтік төлемдер басталды, сондай-ақ демеушілік және гуманитарлық көмек көрсетілуде. Бүгінгі таңда 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі әлеуметтік көмек 587 отбасына 107,3 млн. теңге сомасында төленді. Авариялық ажыратылуы себепті 28 елді мекен электрмен жабдықтаусыз қалып отыр. Бүгінгі күнде электр бағандары суда қалған. Оларды қалпына келтіру жұмыстарын қиындық тудырып жатыр. Су кеткеннен кейін жұмыс жалғасады, - деді Арман Әбенов.

Оның айтуынша, су тасқыны кезінде 24 автожолында қозғалыс шектеліп, 9 жолдағы қозғалыс қалпына келтірілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: видеодан скриншот
Өзгелердің жаңалығы