Су тасқыны: Зардап шеккен халыққа 25 мыңнан аса волонтер көмектесіп жатыр

"Ұлттық волонтерлік желі" мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл бөлімінің басшысы Айбек Досымбетов ОКҚ алаңында өткен брифингте қанша волонтер су тасқынынан зардап шеккен халыққа көмектесіп жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елімізде болған су тасқынына байланысты волонтерлер барлық аймақта жұмыс істеп жатыр. Еріктілердің ең алдымен атқарып жатқан жұмыстары - зардап шеккен тұрғындарды ыстық тамақпен, жылы киіммен, жататын төсек орындарды ұйымдастыру. Қазіргі таңда зардап шеккен тұрғындардың денсаулығы сыр берген жағдайда дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырып жатыр, - деді ол.

Сонымен қатар волонтерлердің белгілі бір топтары құтқару қызметкерлерін ыстық тамақпен қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастырып жатыр.

Республика бойынша 20 аймақта жедел желі телефондары іске қосылған. Сондай-ақ гуманитарлық көмек орталықтары ашылып, көмек жиналып жатыр. Осылайша гуманитарлық көмек зардап шеккен аймақтарға жіберіліп жатыр. Бүгінге дейін республика бойынша 550 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналды. 370 тонна көлеміндегі гуманитарлық көмек қажетті елді мекендерге жеткізілді, - деп айтты Айбек Досымбетов.

Республика бойынша 25 мыңнан астам волонтер қызмет көрсетіп жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы