Су тасқыны. Үрейге бой алдырсақ, ауылымызды сақтап қала алмас едік – Талдыкөл тұрғыны

Тасқын кезінде бөгет бойындағы ер адамдарға ас-су дайындаған Талдыкөл тұрғыны қиын сағат туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қанағат Өтепқалиева - Махамбет ауданына қарасты Талдыкөл ауылының тұрғыны. Ол жергілікті мектепте, әрі балабақшада жұмыс істейді.

25 мамыр күні Талдыкөлде толық эвакуация жарияланған уақытта, ауылды қорғап қалған ТЖМ, әскерилер және жергілікті ер азаматтардың ас-суын дайындау үшін, онға жуық әйел адам өз еркімен сұранып ауылда қалды.

Олар жергілікті балабақша асханасында ыссы тамақ дайындап, қиын сәтте ерліктің үлгісін көрсетті. 

Батыр әйелдердің қатарында Қанағат Өтепқалиева да бар.

Біз су тасқыны болатыны туралы ақпаратты сәуір айында естідік. Интернетте тіпті, "бүкіл ауылды су басып кетеді" деген де жазба тарап жатты. Бастапқыда үрей болды. Бірақ, қорқынышқа бой алдырмай, ауылымызды сақтап қалуға сәл де болса үлес қосуға тиіспіз деп шештік. Осылайша, ауылымыздағы балабақша, мектеп, мәдениет үйі, медициналық амбулатория ұжымдары қызметкерлері, ауыл тұрғындары бірлесіп, жаға нығайту жұмыстарына кірістік. Төтенше жағдайлар министрлігі мамандары, әскерилер көмекке келді. Кейін ауылымыздың әйел азаматтары жаға бекітіп жүрген ерлерді тәулік бойы ыстық тағаммен қамтып, уақытпен санаспай ауылды сақтауға жұмылдық. Егер бәріміз даурығып, үрейге бой алдырған болсақ, ауылымызды сақтап қала алмас та едік. Тасқын кезіндегі сын сағатта тілсіз жауды халықтың бірлігі жеңді. Әрі араға 30 жыл салып келген мол су - сын сағатта біріге білген халықтың ерлігі туралы ұрпаққа өсиет ететін тарихи сәт болды, - дейді ауыл тұрғыны Қанағат Өтепқалиева.

Еске сала кетелік, Махамбет ауданы, Бейбарыс селолық округіне қарасты Талдыкөл тасқын қауіпі төнген ауылдың бірі. Тасқыннан қорғану үшін ауылға 3 шақырым болатын қорғаныс бөгеті соғылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы