Су тасқыны: Төтенше жағдайдың алдын алудың барлық жағдайы жасалды
Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы аумағымен өтетін Шу, Талас және Аса өзендерінің арналарында су деңгейінің көтерілу, сондай-ақ тау бөктеріндегі еріген қар мен жаңбырдан су басу қаупі бар. Сондықтан да тасқынынға қарсы іс-шаралар жоспары аясында 142 километр дренаж және суару каналдары тазартылды.
Бұл туралы өңірдегі төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бағдат Данилов айтып берді.
Сонымен қатар, ол 185 километр арық желісі, теміржол және автомобиль жолдарындағы 430 көпір және 1 790 су өткізу құрылғылары ретке келтіріліп, 5 гидротехникалық құрылыс пен 19 реттеуші құрылғы жөнделгенін жеткізді. 380,1 млн теңгеге 38 каналдың 380 километріне механикалық тазарту жұмыстары жүргізілген, 35,15 километр таулы арықтар мен 158,3 километр қашықтықта теміржол бойындағы су айналымы магистралдары қоқыстан аршылған.
Сөз орайы келгенде облыс аумағында республика меншігіндегі 5 су қоймасы, 2 бөгет, 11 су торабы, 18 магистралдық арна, ал коммуналдық меншікте 5 су қоймасы, 2 бөгет, 11 су торабы, 18 магистралдық арна орналасқанын айта кеткенім жөн. Ал жекеменшікте 5 тоған, 2 су қоймасы, 2 магистралдық арна, барлығы 156 гидротехникалық құрылғы бар. Төтенше жағдайларға облыстағы жергілікті атқарушы органдардың корынан 363,8 млн теңге, шұғыл шығындарға 489,6 милион теңге қаржы бөлінді. Су тасқыны салдарын жоюға қажетті 143 тонна жанар-жағармай, 11 мың тонна инертті материалдар, 40 мың қап дайындалды, - деп атап өтті Бағдат Данилов.
Департаменті басшысы биылғы 11-15 ақпан аралығында 121 гидротехникалық құрылысқа комиссиялық тексеру жүргізілгенін де айтты. Нысандардың техникалық жағдайы қанағаттанарлық дегенімен, "Жамбыл су қоймалары" КММ-нің 32 су қоймасының, "Казсушар" РМК-ның 3 су қоймасының – "Ынталы", "Бүркітті", "Жартас" және 6 жеке су қоймасының су өлшеу бекеттерін қалпына келтіріп, су реттегіш құрылғылары мен шлюздерін ауыстыру сынды ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.
Шу-Талас бассейндік инспекциясы мен «Қазсушар» РМК филиалы Қырғыз Республикасының Су шаруашылығы және мелиорация департаментімен бірлесіп, су қоймаларында күн сайын су жинау және ағызу мониторингін жүргізіп, ақпараттарын тиісті органдарға беріп жатыр екен.
Су тасқынына қарсы іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін, басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау мақсатында 25-26 ақпан аралығында су тасқыны қаупі бар 26 учаскеде "Көктем" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізіліп, азаматтық қорғаудың күштері мен құралдары көктемгі төтенше жағдайларға әрекет етуге дайындыққа келтірілді, - деді Бағдат Данилов.
Оның сөзінше, жаттығу барысында халықты құлақтандыру, қауіпсіз орынға көшіру, апат аумағын тікұшақпен құтқару, ұшқышсыз ұшу аппаратымен барлау жасау, апат аумағынан адамдарды іздеу мен құтқару, оларға алғашқы медициналық көмек көрсету, су басу аумағынан алып шығу, материалдық құндылықтарды құтқару жұмыстарына дайындығы пысықталған. Су тасу салдарының алдын алу және жою үшін жұмылдырылатын облыстың азаматтық қорғау аумақтық құралымдарының күштері 4 971 адамды құраса, 697 бірлік техника, 22 жүзу құралы және 112 мотопомпан сақадай сай тұрған көрінеді. Зардап шеккендерді эвакуациялау және барлау жасау үшін "Қазәуеқұтқару" акционерлік қоғамының бір тікұшағы Тараз қаласындағы әуежайда кезекшілік режимінде тұр.
Көктемгі орын алуы мүмкін төтенше жағдай кезінде көшірілген тұрғындарды уақытша орналастыруға мәдениет және білім ошақтарында 41 қабылдау пункттері, 70 палатка, 200 жататын қап, 200 жиналмалы кереует, 10 жылыту қондырғысы дайындалып, департаменттің жедел әрекет ететін құрылымдары толық дайындыққа келтірілді. Пайдаланатын су қоймаларының облысаралық және мемлекетаралық маңызы бар ірі су қоймаларының жұмыс режимін бақылауды да жүзеге асырып жатырмыз. Мәселен, Киров су қоймасына тасқын суларды қабылдау мақсатында 27 наурыздан бастап су тастау көлемі секундына 10 текше метрге көбейтілетін болды, - деді жауапты маман.