Су тасқыны. СҚО-да 1458 үй тұруға жарамсыз болып қалған
Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев қалада қанша үй суға кеткенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Петропавлда 2176 үй су астында қалды, соның ішінде 1458 үй тұруға жарамсыз болып танылды. Ал, одан басқалары жөндеу жұмыстары арқылы қалпына кедтірілмек. Бүгінгі таңда 136 баспанаға жөндеу жұмыстары жүргізілуде, 78 үйдің иелері өздері жөндеп жатыр. Бүгінде оларға қаражат берілді. Комиссия шешімімен су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға 720 пәтер кілті табысталды. Онымен қоса, “Бірлік” шағын ауданында 300-ден астам үйді халық кезекпен алуда, – деді қала әкімі.
Қала әкімінің сөзінше, жаңа үйлер қыркүйек айына дейін салынып бітеді.
Ең алдымен, зардап шеккен тұрғындарды тіркеу жұмыстары жүргізіледі. Кейін комиссия шешімі шығарылады. Жоспар бойынша 4 айдың ішінде бүкіл салынып жатқан үйді аяқтауымыз керек. Меніңше, толығымен қыркүйек айында аяқтаймыз. Жалпы, қаржы жағынан ешқандай қиындық жоқ, – деді Серік Мұхамедиев.
Сонымен қатар Мұхамедиев тасқыннан зардап шеккендерге арналып салынған үйлердің сапасына баға берді.
Кейде жарамсыз болып қалған үйлерін тастағысы келмейтін азаматтар болады. Бірақ үй тұруға келмейтін болса, біз де ол адамды тастай кетпейміз ғой. Ол жер қауіпті немесе баспана жарамсыз деген сөз. Әкімдік халықпен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп жүр. Ал қазіргі салынып жатқан үйлерін сапасына келсем, 100 пайызға бағалаймын, – дейді әкім.