Су тасқыны. ШҚО-да 28 елді мекенді су басу қаупі сейілді

ШҚО-да 28 елді мекенді су басу қаупінің алды алынды. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысының «Қазсушар» филиалы 37 мыңнан астам тұрғыны бар 28 елді мекенді су басу қаупінің алдын алды. Су қоймаларында тасқын суын қабылдау үшін алдын ала бос орын дайындалып, суды өзендерге бұру мақсатында 10 бөгет салынды. Сондай-ақ, суды арналар арқылы бұру іс-шаралары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 20 шақырым болатын 10 магистральдық канал механикалық әдіспен тазаланды, - деді Мөлдір Әбдуалиева.

Бүгінгі таңда еліміздің оңтүстігі мен батысында суару маусымына қарқынды дайындық жүріп жатыр. Мөлдір Әбдуалиеваның айтуынша, министрлік ауылшаруашылық алқаптарына су беруді жақсарту үшін алты аймақта суару арналарын тазартады.

Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының суару желілері, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарындағы суару арналары тазартылып жатыр.

Бүгінгі таңда биылға жоспарланған 564 шақырымның 390 шақырымнан астамы тазартылды, сондай-ақ Қазақстанның 8 өңірінде: Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды, Түркістан облыстарында, БҚО және ШҚО-да 74 гидротехникалық құрылысты жөндеу жоспарланған, - деді спикер.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы