Су тасқыны. Қырғызстан Қазақстанға гуманитарлық көмек жібереді
Қазақстанның қарғын судан зардап шеккен аумақтарына Қырғызстан гуманитарлық көмек жібереді, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kg сайтына сілтеме жасап.
Қазақстанның қарғын судан зардап шеккен аумақтарына Қырғызстан гуманитарлық көмек жібереді, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kg сайтына сілтеме жасап.
Қырғыз Республикасының Парламент отырысында премьер-министр Ақылбек Жапаров Қазақстанның табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындарына қажетті заттар жинала бастағанын мәлім етті.
Қазақстандықтарға Қырғызстанда өндірілген азық-түліктер жіберіледі.
Жапаров атап өткендей, Қазақстан гуманитарлық көмек жіберу туралы өтініммен жүгінбеген. Алайда Қырғызстан 2 ақпан күні түнде Бішкектегі ЖЭО-дағы апат кезінде бауырлас ел көрсеткен қолдау шараларын ұмытпайтынын айтты.
Мен Өзбекстан, Түркіменстан және Қазақстанға алғыс айтқым келеді. Президентіміздің көршілес мемлекеттермен жақсы қарым-қатынасының арқасында олар біз көмек сұрамай жатып, қол ұшын созды, - деді Қырғыз Республикасы Үкіметінің басшысы.
Сонымен қатар ол 8 сәуірде Қазақстанның премьер-министрі Олжас Бектенов Қырғызстанға келетінін айтты.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астанадан өңірлерге 50 тонна гуманитарлық көмек жіберілді.