Су тасқыны: Құтқарушылар 85 мыңға жуық адамды эвакуациялады
ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш су тасқыны жағдайы туралы соңғы мәліметтерді баяндап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ОКҚ-да өткен брифингте Ерасыл Сайпаш азаматтық қорғау қызметтері 85 мыңға жуық адамды, оның ішінде 30 мыңға жуық баланы құтқарып, эвакуациялағанын айтты.
Қазіргі уақытта уақытша орналастыру пункттерінде 8 349 адам, оның ішінде 3 809 бала орналастырылған.
ТЖМ және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен 8 млн-нан астам текше метр еріген қар суы сорылды, 1 мыңнан астам қапшық және 1 мың тонна инертті материал төселді. Авариялық-құтқару жұмыстарына 16 000-нан астам адам және 2500-ге жуық техника жұмылдырылды. Еліміздің 9 өңірінде Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жергілікті ауқымдағы 29 ТЖ әрекет етеді. "Жедел желі" телефондарына 1 129 қоңырау келіп түсті, шұғыл психологиялық көмек 76 адамға көрсетілді, - деді Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері брифингте.
Ол атап өткендей, 20 өңірде республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істейді.
Сонымен қатар 8 сәуірде Ақтөбе облысына Қырғызстан Республикасынан гуманитарлық көмек келді. Гуманитарлық көмекті күтіп алуға Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері барды.