Су тасқыны. Қанша отбасыға үй мен пәтер берілді?

Үкімет су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға тұрғын үй салу және сатып алу, сондай-ақ оларға жан-жақты көмек көрсету бойынша өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қираған баспанасының орнына 4769 отбасы жаңа үйлер мен пәтерлерге ие болды. Сонымен қатар зардап шеккен өңірлерде 2568 жаңа үйдің құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр, оның ішінде 470 нысан бойынша жұмыстар толығымен аяқталып, тұрғындарға кілттер табысталды. Солтүстік Қазақстан облысында құрылысы аяқталған 285 үй, Қостанай облысында – 57, Батыс Қазақстан облысында – 80, Ақтөбе облысында – 43 және Павлодар облысында – 5 үй пайдалануға берілді.

Барлық облыста су басқан тұрғын үйлерді тексеру және бағалау жұмыстары 100% аяқталды. Жалпы сомасы 49,3 млрд теңгеге 8 853 отбасы тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге тиісті төлем алды.

34 216 отбасыға 12,6 млрд теңгеге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы өтемақы төленді. Сондай-ақ жоғалған бірінші қажеттіліктегі заттарын сатып алу үшін 150 АЕК-ке дейін қосымша төлемдер берілуде. Бүгінгі таңда 9,9 млрд теңгеге 21 869 отбасы осындай көмек алды.

Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жұмыстары жалғасуда. Өңірлік комиссиялар жалпы сомасы 7,9 млрд теңгеге ШОБ субъектілерінің 455 өтінімін қарап, мақұлдады.

Суға кеткен мал үшін берілген мемлекеттік көмек көлемі 2,8 млрд теңгеден асты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы