Су тасқыны: Полиция қараусыз қалған үйлерді күзетіп жатыр

ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев су тасқынында зардап шеккендерге полиция қалай көмек көрсетіп жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еліміздегі соңғы жағдайларға байланысты қазір де тәртіп сақшылары күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Министрліктегі және өңірлердегі жедел штабтардың жұмысы жалғасуда.

Құтқару жұмыстары мен су тасқынының алдын алу шараларына Ішкі істер органдарының 5 мыңнан астам қызметкері, 800-ге жуық техникасы (патрульдік көліктер, қызметтік автобустар, 2 тікұшақ) жұмылдырылған. Қазіргі уақытта 10 мыңға жуық адам эвакуацияланды. Оның ішінде 200-і тікұшақтың көмегімен қауіпсіз жерге жеткізілді. Азаматтарды орналастыруға арналған 78 пункт ұйымдастырылды, - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Абай және Ұлытау облыстарының 25 ауданында су тасқынынан зардап шеккен елді мекендер қоршауға алынып, полиция қараусыз қалған 965 тұрғын үй мен басқа да нысандарды күзетуде. 

93 учаскеде, оның ішінде республикалық маңызы бар 8 учаскеде қозғалысты шектеу енгізілді. 3,5 мың автокөлік полицияның сүйемелдеуімен су басқан аймақтардан шығарылды, - деді ол.

Патрульдік полиция экипаждары су басу қаупі бар ауылдардың тұрғындарына ескерту жасап, халықты хабардар етіп отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы