Су тасқыны: Панфилов ауданы 25 тонна көмек жіберді
Жетісу облысына қарасты Панфилов ауданының тұрғындары су тасқынынан зардап шеккен облыстарға көмек жіберді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Игі іске аудан, ауыл тұрғындар мен кәсіпкерлер жан жақты қолдау көрсетіп, қол ұшын созған.
Елімізде болып жатқан су тасқынынан зардап шеккен облыстарға ауданымыздың кәсіпкерлері мен қайырымды тұрғындары қаржылай және материалдық тұрғыда көмек көрсетті. Халықтың бірлесе жинаған 25 тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер мен тұрмыстық заттар, дәрі-дәрмектер және электр қуатын беретін генератор сынды аса қажетті құрал жабдықтарды жөнелтті,- дейді Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек.
Аудан әкімі игі іске ат салысқан барша тұрғындарға алғысын білдірді.
Осы бастамамызды қолдап, гуманитарлық көмек үшін жан жақты ат салысқан кәсіпкерлер мен тұрғындарға алғысымды білдіремін. Жазиралы Жаркент өңірінің тұрғындары мен кәсіпкерлері еліміздегі барлық жағдайға бей жай қарамайтынын көрсетіп, береке ынтымағының арқасында қолдау көрсетті. Еліміз аман болғай!,- деді аудан басшысы.