Су тасқыны. Оралда 2 мыңға жуық саяжайға бағалау жұмыстары жүргізілді

Батыс Қазақстанда су басқан саяжайларды бағалау жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазір Орал қаласында су тасқыны салдарынан су басқан саяжайларды бағалау жұмыстары жүріп жатыр.

Мамандар бүгінде 2 мыңға жуық саяжайға бағалау жұмыстарын жүргізген.

Еліміздің бірқатар өңірінен (Ақтөбе, Түркістан, Қарағанды, Қызылорда облыстарынан және Шымкет қаласынан) бағалау жұмыстарын жүргізетін 12 компаниядан 104 маман тартылған.

Бүгінде көптеген саяжай учаскелері әлі де су астында тұр. Бірқатар учаскелерде судың деңгейі 1 метрден асады.

Алайда мамандар қиындықтарға қарамастан суы бар учаскелерге қайықпен барып, бағалауды барынша жылдам өткізуде.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орал қалаласындағы 1-ші және 2-ші саяжай учаскелерінде болып, бағалаушы мамандардың жұмысымен танысты.

Мемлекет басшысы су тасқынан зардап шеккен тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырған болатын. Өңірімізде осы бағытта белсенді жұмыс атқарылып жатыр. 9671 отбасыға 100 АЕК көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Енді 150 АЕК көлеміндегі төлемдерді жалғастырудамыз. Қазіргі уақытта су тасқынынан зардап шеккен саяжайларды бағалау жұмыстары жүргузілуде. Бағалаушы компанияларға жұмыстарды барынша жылдам аяқтауды тапсырамын, - деді облыс әкімі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы