Су тасқыны: Өңірлерде қандай шаралар қолданылып жатыр

Еліміздің бірқатар өңірінде қардың қарқынды еруінен елді мекендерде су тасқыны болып жатыр. Төтенше жағдай министрлігі, құтқарушылар мен аймақтағы әкімдіктер жан-жақты шара қолданып, елді мекендер мен адамдарды құтқарумен айналысуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қостанай облысы

Бүгін қардың қарқынды еруі нәтижесінде Қостанай облысы, Арқалық қаласының Жаңа, Отан, Солтүстік, саяжай елді мекендерінде 20 аула аумағы, оның ішінде 12 жеке тұрғын үйді су басты. ТЖД ЖАО-мен бірлесіп еріген қар суын сору жұмыстары жүргізуде.

Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге қосалқы күш ретінде Қостанай облысына Қызылорда облысы ТЖД күштері мен құралдары жіберілді. Осы сәтте облыстың 31 адамнан тұратын құтқару жасағы, 6 бірлік техника, 10 мотопомпа, 2 қайық облысқа жіберілді.

Өткен түні Қостанай облысының ТЖД және жергілікті атқарушы органдарының күштерімен еріген қар суын толық көлемде шығару жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта Арқалық қаласының Жаңа, Отан, Солтүстік, Саяжай төрт елді мекендерінде 12 жеке тұрғын үй мен 20 аула аумағынан су шығарылды. Өңірде мониторинг және су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда. Құтқарушылар 37 адамды, оның ішінде 18 баланы құтқарды

Сондай-ақ бүгін Қостанай облысының Қызыл Жұлдыз ауылында ТЖД күштерімен, 52859 ә/б жеке құрамымен және ЖАО-мен халықты эвакуациялау жүргізілуде. Қазіргі уақыт бойынша 37 адам, оның ішінде 18 бала эвакуацияланды. Тұрғындарды эвакуациялау жалғасуда.

Сонымен қатар Қостанай облысы Екіді елді мекенінің маңындағы Қонай қыстауынан ТЖМ «Қазавиақұтқару» қызметкерлері Ми8 тікұшағымен 12 азаматты құтқарды. Құтқарылғандар жақын маңдағы елді мекендерге жеткізілді. Медициналық көмек қажет емес.

ШҚО

68303 әскери бөлімінің жеке құрамынан 25 адам мен 2 бірлік техникасы Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында су тасқынының алдын алу шараларын жалғастыруда. Бүгін Зубовск ауылында тағы да қар шығару жұмыстары жүргізілді. Әскери қызметшілер күні бойы елді мекендегі су өткізу құбырларын, көпірлер мен арықтарды тазартты. Жұмыс жалғасатын болады.

Ал Бұқтырма өзеніндегі кептелістің алдын алу мақсатында Катон-Қарағай ауданы Барлық ауылында жару жұмыстары жүргізілді.

Бұл жұмысты ЖАО, қауіпсіздікті қамтамасыз еткен құтқарушылар және мамандандырылған ұйым жүргізді. Біздің міндетіміз – кептелістерді болдырмау және су деңгейінің күрт көтерілуінің алдын алу. Жару жұмыстарының жалпы ауданы 7800 текше метр.

Күршім ауданында Топтерек ауылынан 4 шақырым жерде қардың қарқынды еруі салдарынан көпірдің бетон құрылымдарын шайып кеткен. ШҚО ТЖД құтқарушыларының күшімен тұрғындарға өткел ұйымдастырылды. Бүгінгі күні барлығы жергілікті тұрғындардан 22 адам өткізіліп, азық-түлік жеткізілді.

Жергілікті атқарушы органдардың 15 адамы мен 2 техникасы айналма жол төсеу бойынша жұмыстар жүргізуде.

Ақтөбе облысы

Өңірде жағдай тұрақты. Осы сәттерде Темір ауданының Шұбарқұдық ауылында Мұқан шоқыларынан келген қалың қар мен судың көптігінен еріген су жайылды. Су ағыны ауылдың арық жүйесіндегі өзен арналарының жағасынан шыққандықтан, елді мекеннің ішіндегі жол жамылғысын бойлай ағып өтті. 

Бір күн бұрын облыстық төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті атқарушы органдар 50 метр сайын инертті материалдарды төсеген. Жағалауды нығайту құрылыстары салынды. Сондықтан қазіргі уақытта еріген қар суы жол төсемінің бойымен ағып жатыр. Су басқан үйлер жоқ. Су 30 см-ге дейін төмендеді.

Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге қосалқы күш ретінде Ақтөбе облысына Маңғыстау облысы ТЖД күштері мен құралдары жіберілді. Осы сәтте облыстың 52 адамнан тұратын құтқару жасағы, 5 бірлік техника, 8 мотопомпа облысқа жіберілді.

Су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатқан оқиға орнына келген 20982 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Ақтөбе облысы, Шұбарқұдық ауылының жеке секторында қап төсеу жұмыстарын бастады. Бұл шаралар елді мекендегі тұрғын үйлерді су басу қаупіне байланысты қабылданған. Осы жұмысқа 50 адам жеке құрам мен 4 техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта су тасқынын алдын алу мақсатында тұрғын үй алқабының бойына мыңға жуық құм салынған қаптар төселді.

20982 әскери бөлімінің 2 жиынтық құтқару жасағының жеке құрамы Қобда елді мекенінен 65 км қашықтықта орналасқан Ақтөбе облысының Қанай елді мекеніне аттанды. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп осы ауданның тұрғындарын эвакуациялау бойынша операция жүргізілуде.

Сондай-ақ Ақтөбе облысында полиция су тасқынынан қорғану жұмыстарына белсене араласуда. Темір ауданының Шұбарқұдық ауылында еріген қар суының көптігі жағдайды ушықтыруда. Сары ағыс арық жүйесінің арналарынан асып, ауыл ішіндегі жолдарды шайып кетіп жатыр.

Тұрғындарды су тасқыны қаупінен қорғау үшін полиция төтенше жағдай қызметі және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп әрекет етуде. Үйлердің маңайына құм тасып, қоршаулар құру жұмыстарына тәртіп сақшылары да жұмылдырылған.

Сондай-ақ, су басқан жерлердегі көлік қозғалысы, қоғамдық тәртіп, азаматтардың мүлкін қорғау жұмыстары да жіті бақылауда.

Абай облысы

Аягөз ауданында жергілікті маңызы бар «Аягөз-Бозай» автожолының 20 шақырымында Аягөз өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты көпірдің жол төсемі шайылып кетті.Қазіргі уақытта көпір арқылы көлік қатынасы жоқ. ПД қызметкерлері шектеу белгілерін қойып, кезекшілік ұйымдастырды.

Халықты Аягөз өзені арқылы өткізуді жүзеге асыру үшін ТЖД қызметкерлері жіберілді. Аягөз ауданының әкімдігі жергілікті ауқымдағы ТЖ-ды жариялады.

Абай облысты ТЖ департаментінің бастығы Манарбек Шапағатов Жарма ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыровпен бірлесіп Шар қаласындағы су тасқыны жағдайына бағалау жүргізді. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар Варепа және Абай көшелерінен еріген суды бұру бойынша инженерлік жұмыстар жүргізуде. Су басқан тұрғын үйлер жоқ. Жағдай ерекше бақылауда.

Ақмола облысы

Бүгін Ақмола облысының Ерейментау қаласында Мұқатов көшесінде тұрғын үйлерді су басу қаупі бар жағдай орын алды. Үш қызметкер мен 1 бірлік техникадан құрылған өңірлік ТЖД күштері және құралдары дереу еріген қар суын сору жұмыстарын жүргізді. Құтқарушылар су өткізу құбырларын да тазартты. Қазіргі уақытта елді мекендегі үйлерді су басу қаупі сейілді.

Қараөткел және Қаражар су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілуде. Астана қаласы мен Ақмола облысы ТЖД жалпы күштері мен құралдарының жеке құрамы жұмылдырылды.

Павлодар облысы

Павлодар облысы ТЖД күштері және құралдары ЖАО бірлесіп Павлодар қаласы, Ақсу қаласы елді мекендерінің аумағында еріген қар суын сору жұмыстары жалғасуда. Өткен тәулікте барлығы 27 мың текше метрден астам су сорылды.

Ақсу қаласында су бұру каналы өткізілді. Атамекен кентінде экскаватордың көмегімен 3 жерде ашық шұңқырлар қазылды. «Атамекен-Ақсу-Көктөбе-Курчатов» республикалық маңызы бар автожолының 15 және 129 шақырымы арқылы судың өтуін алдын алу мақсатында трасса бойында қапшықтар мен инертті материал төселді. Жұмыстарға түрлі 72 техника, 115 адам жұмылдырылды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

БҚО

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы, Аңқаты ауылында жауын-шашынның мол түсуі және дала аймағында еріген қардың суына байланысты 16 тұрғын үйге су кіріп, сондай-ақ, 8 аула аумағын су басты.

Қазіргі уақытта 27 тұрғын мектеп-интернат ғимаратына көшірілді. Үй жануарлары мен құстар қауіпсіз жерлерге шығарылды.

Су деңгейін түсіру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жалпы жабынды ашу жүргізілді.

Атырау облысы

Кеше Исатай ауданы Аққыстау ауылынан 16 шақырым жерде жүкті әйелді тасымалдау кезінде жедел жәрдем көлігі батпақты жерде тұрып қалды. Құтқарушылар көлікті жолға сүйреп шығарды.

Ал бүгін Исатай ауданы Тұщықұдық ауылдық округінен 35 шақырым жерде УАЗ көлігі балшық массасына кептеліп қалды. Көлікте жүргізуші, жүкті әйел және 3 бала болды. Құтқарушылар шақыру орнына жетіп, жедел автокөлікті сүйретіп шығарып, ондағы адамдарды құтқарды.

Түркістан облысы

Түркістан облысында полицейлер су басқан ауылдардағы тұрғындарға көмектесуде. Сауран ауданындағы ауа-райының қолайсыздығына, нөсерлі жаңбырға және өзен сулары деңгейінің көтерілуіне байланысты полиция қызметкерлері тәулік бойы күшейтілген режимде қызмет атқаруда. 

Полиция, ТЖД және тиісті қызметтердің күштерімен халыққа көмек көрсетілуде, жаңбыр суының қауіпсіз өтуі мақсатында жағалауын кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

Сауран ауданы Теке ауылында жақын маңдағы көшелердің су басуына байланысты адамдарды эвакуациялау жүргізілді. Қазіргі уақытта өзен деңгейінің төмендеуі байқалады. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.

Бас прокуратура

Бүгін Бас прокуратурада су тасқыны жағдайы бойынша барлық мүдделі органдарды тартумен (ТЖМ, ІІМ, Экология министрлігі менҚазгидромет) ведомствоаралық жедел кеңес өтті. Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі өзекті ағымдағы жағдайды баяндады.

Ең қиын жағдай Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, сондай-ақ Абай, Ұлытау облыстарында байқалады.

Республикалық және 12 облыстық штабтар орналастырылды. Сенім телефоны жұмыс істеуде және тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.

Жергілікті әкімдіктер, полиция және төтенше жағдайлар органдары су басқан нысандарды сорып алу және хабарламаларды қалпына келтіру бойынша шұғыл жұмыстар жүргізуде. 94 адам эвакуацияланды.

Барлығы 2,5 мың қызметкер мен 693 техника, 288 суды сорып алу қондырғылар жұмылдырылды.

Қабылданған шараларға қарамастан, аталған аймақтарда тұрғын үйлерді, аула аумақтарын және жертөлелерді су басу орын алуда. Жолды шайып өтудің 7 жағдайы тіркелді.

Ауа райының тұрақсыздығын ескере отырып, соның ішінде нөсерлі жаңбыр, ауа температурасының көтерілуі, алдағы күндері су басу қаупі сақталады.

Сондықтан кеңесте гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі, елді мекендерді, жолдар мен көпірлерді инженерлік қорғау, тұрғындарды уақтылы эвакуациялауды қамтамасыз ету, эвакуациялау пункттерінің дайындығы, алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек көрсету мәселелері де талқыланды.

Халықты ескерту жүйелерінің (сиреналар, жергілікті ескерту жүйелері және т.б.) үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қажеттілігіне ерекше назар аударылады.

Өз кезегінде полиция органдары тасқынды жою жұмыстары кезінде қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған.

Кеңес қорытындысы бойынша облыс прокурорлары мен уәкілетті мемлекеттік органдарға бірлесіп тұрғындардан түсетін сигналдарға барынша ден қою және су тасқынынан зардап шеккен адамдарға көмек көрсетуге жедел шаралар қабылдау қажеттігі айтылды.

Үкімет

Бүгін Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің, жекелеген өңірлер әкімдерінің баяндамаларын тыңдады.

Үкімет басшысына қар мен мұздың күрт еруіне байланысты және су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында өңірлерде қалыптасып отырған ахуал туралы баяндалды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жұмыстарға жеке құрамнан 2500 адам, 700-ге жуық техника, 290-нан астам су айдау және жүзу құралдары жұмылдырылған. Жұмыстар іс-қимыл алгоритміне сәйкес жүргізілуде.

«Жедел желі» телефондары:

ТЖМ 8 717 2 70 41 14, сонымен қатар өңірлік байланыс орталықтары жұмысын жалғастыруда.

Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Абай, Ұлытау облыстарында және Астана қаласында республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істейді.

Төтенше жағдайлар министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, су тасқынына қарсы жұмыстарды жалғастыру және елдегі ахуал туралы тәулік сайын есеп беру тапсырылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі
Өзгелердің жаңалығы