Су тасқыны. Облыс әкімі атыраулықтарды марапаттады
Аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің қатысуымен «Күшіміз - бірлікте» атты өңірді тасқын қаупінен қорғау жұмыстарына атсалысқан азаматтарды марапаттау салтанаты өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Серік Шәпкенов тасқынмен күрес азаматтардың ұйымшылдығы мен татулығы сыналған кезең болғанын тілге тиек етті.
Осының салмағын түсініп, бар күш-жігерді тасқыннан төнген қауіпке қарсы шараларда ұйымшыл жұртымыз елге деген, жерге деген жанашырлықтың үлгісін көрсетті. «Тілсіз жауды» тойтаруға 20 мыңдай атыраулық атсалысты. Күш біріктіргеннің арқасында бас-аяғы бір айдың ішінде қауіпті сейілтіп, қаламызды қорғап қалдық. Жеңістің бастауы — бірліктің күші. Төле би «Бірлік болмай, тірлік болмас» дегенді дөп тауып айтқанына тағы бір тәнті болдық. Кеше бір жағадан — бас, бір жеңнен — қол шығарып, жұдырықтай жұмыла алмасақ, бүгінгі отырысымыздың сипаты мүлдем бөлек болар еді. «Күшіміз — бірлікте» деген жалынды ұранның жалаң сөз емесін іспен дәлелдедік. Мен жағадағы қарусыз майдан, дамылсыз күреске үлес қосқан әр азаматты батыр деп таныр едім. Осы сынақ атыраулықтардың бекем бірлігін көрсетті. Бұл күрес Атырау тарихында осылай жазылады. Бұл ерліктің әр отбасының ұлағат етіп баяндайтын естелігіне айналары анық, - деді Шәпкенов.
Биыл тасқын кезінде облыс аумағында Жайық өзені бассейніндегі арналар мен көлдері көрсетілген карта жасалды. Өңір басшысы облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мұхамбетқали Кипиевке екі топографиялық сызбаны салтанатты түрде табыстады.
Салтанатты шарада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2024 жылғы 14 маусымдағы «ҚР Мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы» Жарлығымен қызметтік және азаматтық борышын өтеудегі жанқиярлығы үшін ерікті Асқар Байғалиевке, республикалық «Atameken business» телеарнасының меншікті тілшісі Әлия Жамитоваға, «Атырау-Ақпарат» ЖШС «Жаңа медиа» бөлімінің басшысы Баян Жанұзақоваға, «Kazglobalsolution» ЖШС инженері Асқар Қойшиевке «Ерен еңбегі үшін» медалі және жеке кәсіпкер Бағдат Ертүгелге «Шапағат» медалі табыс етілді.
Сонымен қатар бірнеше азамат пен мекеме басшылығы облыс әкімінің, мәслихат төрағасының Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, Жайық өзені бойына 590 шақырым бөгет салынып, 5 млн қапшық қойылып, 20 мыңнан астам адам жаға бекіту жұмыстарына қатысты. Жағадағы жұмыстарға 2000-ға жуық техника жұмылдырылды. Түрлі мекеме-ұйымнан 2000 қызметкер тәулік бойы кезекшілікте тұрды. Су тасқынымен күресте Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстары арнайы техника жіберіп, көмек көрсетті.