Су тасқыны: Nur Otan Мақтаарал ауданына көмек жөнелтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Nur Otan волонтерлары су тасқыны болған Мақтаарал ауданына гуманитарлық көмекпен барады.

Бұл туралы Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Instagram желісіндегі парақшасында айтты.  


Құрметті достар! Өздеріңізге мәлім, көршілес Өзбекстанда су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысы Мақтарал ауданының елді мекендерін су басып, 30 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссияға тез арада тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру, тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсету жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Төтенше жағдай орын алған алғашқы күннен бастап Nur Otan бұдан сырт қалмады. Партия филиалы мен мүшелері зардап шеккен тұрғындарға барынша көмек көрсетуде, - деп жазды Байбек.

Ол Түркістан облысына 40 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберілетінін айтты.


Бүгін партияның Орталық аппараты елордадан Түркістан облысына 40 тоннадан астам гуманитарлық көмек, оның ішінде азық-түлік пен бірінші кезекте қажет тауарларды жөнелтті. Су тасқыны болған жерде тікелей Jas Otan волонтерларынан штаб құрылды. Олар зардап шеккен тұрғындарға жүкті үлестіріп беруге атсалысады, - деп жазды Бауыржан Байбек.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы