Су тасқыны. Мемлекет көмек көрсетеді, ешкім назарынан тыс қалмайды – депутат

Елдің солтүстік және батыс өңірлеріндегі елді мекендерге тасқын судың келуі толастамай тұр. Сондықтан Мәжiлiс депутаттары жағдайды бақылау үшiн аймақтарда жүр. Олар апатқа қарсы жұмыстарды ұйымдастыруға көмектесіп, зардап шеккен тұрғындарға мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәжіліс депутаты Еркебұлан Мәмбетов Қызылжар ауданындағы жағдай жайлы жазды.

Қызылжар ауданы Тепличное ауылында бөгеттерді нығайту жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда онда қорғаныстың ұзындығы - 2 шақырым. Бірнеше күн ішінде нысанда әскери қызметшілер, еріктілер және Петропавл мен ауылдың тұрғындары тынымсыз еңбек етіп жатыр, - деді ол.

Депутаттар бөгетті нығайту бойынша жұмыстардың барысымен танысты.

Естеріңізге сала кетейік, Сергеев су торабынан су Покровка, Новоникольское, Элитное және басқа ауылдардан өтіп үлгеріп, Тепличное ауылы мен Петропавл қаласына қарай жылжып келеді. Одан кейін аудан орталығындағы Береговая көшесіндегі қорғаныс білігіне барып, Бәйтерек және Боголюбово ауылдарындағы су тасқынына қарсы жағдайын көрдік, - деп айтты Еркебұлан Мәмбетов.

Депутат аудандағы жағдай жайлы айтты.

Мұнда да ернеуінен асқан Есіл өзенінің суы шеткі үйлерге кіріп, басып қалған. Қазіргі таңда тұрғындар эвакуациялық пунктке жайғастырылған. Су басқан үй иелерімен кездесіп, шығынның өтелетінін айттық. Өтемақы Үкіметтің 2017 жылғы 19 желтоқсандағы қаулысына сәйкес беріледі. Төтенше жағдай басталғаннан бері 30 күн ішінде жергілікті мемлекеттік органдарға өтемақы туралы өтініш беру қажет, 10 жұмыс күні ішінде залалдың мөлшері айқындалады. Жергілікті атқарушы органдардың резервінде өтемақы төлеуге арналған қаражат бар. Қосымша қаражат қажет болса, ол мемлекеттік резервтен беріледі. Мемлекет көмек көрсетеді, ешкім назарынан тыс қалмайды, - деп жазды мәжілісмен Facebook парақшасында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: facebook.com/yerkebulan.mambetov
Өзгелердің жаңалығы