Су тасқыны. Мал шығынына қатысты өтемақы қалай төленеді
Су тасқыны кезінде 88 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануарлары қауіпсіз аймаққа айдалып шығарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында АШМ ресми өкілі Олжас Тілебалдин мәлімдеді.
Жедел деректер бойынша өлген мал 8,1 мың басты құрайды. Оның ішінде ұсақ бас 6 мың, ірі-қара 1500, жылқы 514 бас. Республикалық эпизотияға қарсы отряд тұрақты эпизоотиялық жағдайды сақтау мақсатында жануарлардың өлекселерін жою жұмыстарын қарқынды жалғастырып жатыр. Бүгін 4,1 мың бас өлген малдар жойылды,-деді ресми өкіл.
Су тасқынына қарсы шараларды ұйымдастыру, үйлестіру және су тасқыны кезіндегі зардаптарды жою кезіндегі республикалық штаб пен өлген мал иелеріне өтемақы төлеу алгоратимі әзірленіп, бекітілген.
Меншік иелері залалды анықтау және басқа мәселелердә шешу үшін өңірлерде жергілікті атқарушы органдар мен шығынды анықтау жөніндегі комиссиялар құрылды. Су тасқыны салдарынан өлген ауыл шаруашылығы жануарларын иелері малдары туралы мәліметтерді көрсете отырып жергілікті комиссияға өтініш беруі керек. Ауыл шаруашылығы жануарларына меншік құқығы комиссиялардың актілерімен расталады. Меншік иелеріне өтемақы мөлшері ұлттық статистика бюросы жариялаған жануарлардың түрлері, жынысы мен жас шамасы бойынша нарықтық құны туралы мәліметтер негізінде айқындалады,-деді Олжас Тілебалдин.
Оның айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы эпизоотяилық жағдай , сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне келтірілген шығынды өтеу мәселелері ауыл шаруашылығы министрлігінің бақылауында.