+3

Су тасқыны кезеңі: Павлодар облысында алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Су тасқыны кезеңі: Павлодар облысында алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов ТЖД бастығы Рустамбек Амринмен бірге соңғы аптада облыс аудандарына екі рет аэровизуалды тексеру жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Ащысу, Айдос, Бала-Шідерті, Қарасу өзендері мен таулы аумақтарда қардың қарқынды еруі салдарынан еңіс ағындардың пайда болу қаупі бар. Сонымен қатар, Шолақсор ауылы мен Сілеті өзені ерекше бақылауға алынған.

Ұшу барысында су тасқыны қаупі бар учаскелер зерттеліп, су айдындарының жай-күйі бағаланды. Қауіптің алдын алу мақсатында қажетті шаралар қабылданып, тәуекелдерді азайту бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Қауіпті аймақтарды уақытылы анықтау үшін арнайы топтар жіберілді.

Жергілікті атқарушы органдар тасқын судың алдын алу үшін инертті материал салынған қаптарды әзірлеп, инженерлік техниканы дайындады. Шолақсор ауылындағы үш бекетте құтқарушылар арнайы техникамен тәулік бойы кезекшілік етуде.

Су тасқыны қаупіне жедел ден қою мақсатында өңірде азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдары толық дайындыққа келтірілді. Барлығы 2383 қызметкер, 737 арнайы және инженерлік техника, 342 су сорғыш және 24 жүзу құралы жұмылдырылған.

Өңір әкімдігі мен ТЖД мамандары су тасқыны қаупі жоғары кезеңде тұрғындарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы