Су тасқыны: Дәрігерлер құтқарушыларға эвакуациялауға көмектесіп жатыр

Бұл күндері су тасқынына қарсы күрес кезінде медицина қызметкерлері ТЖМ қызметімен қатар су басқан аудандардың тұрғындарын шығаруға көмектесуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Денсаулық сақтау ведомствосының мәліметінше, Ақтөбе облысы Әйке ауылының дәрігерлік амбулаториясының медицина қызметкерлері Жүргенев ауылының 530 тұрғынын аудан орталығына қайықпен эвакуациялауға көмектесті. Олардың арасында көптеген қарттар мен балалар, жүкті әйелдер бар. Олардың барлығы жергілікті дәрігерлік амбулаторияда жұмыс істейтін мейіргерлер Бақытжанова Ақнұр мен Аймағанбетова Арайлымның сенімді бақылауында болды.

Ақмола облысындағы Красный Яр ауылының медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының дәрігерлері медициналық ұйымдар мен азық-түліктен айырылған зардап шеккендерге қолдан келген көмекті көрсету үшін Қызыл Жұлдыз кентіне барды.

Терапевт және кардиолог дәрігер елді мекен тұрғындарын қарап-тексеріп, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етті. Сонымен қатар, дәрігерлер 16 отбасына азық-түлік берді.

Шағын ауыл тұрғындарының негізгі бөлігі – медициналық бақылауды, кез келген басқа көмекті қажет ететін егде жастағы адамдар, зейнеткерлер екенін айта кеткен жөн.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы