Су тасқыны. БҚО-да құрылыс жұмыстарын бейнебақылау камераларынан бақылай алады
БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар құрылыс жұмыстарын бейнебақылау камераларынан бақылай алады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен өңірлерді қалпына келтіру, соның ішінде баспанасыз қалған жандарға тұрғын үй салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Жаңа тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын қадағалау мақсатында облыс бойынша 8 елді-мекенде 16 бейнебақылау камералары орнатылды.
Атап айтқанда, Қаратөбе ауданының Қоржын ауылына 2 бейнекамера, Сырым ауданының Өлеңті және Бұлдырты ауылдарына 4, Теректі ауданының Аңқаты және Подстепное елді мекендеріне 4, Бөрлі ауданының Ақсу, Кеңтүбек және Пугачев ауылдарына 6 бейнекамера орнатылды.
Кез-келген адам бейнебақылау камералары арқылы өңірлерде жүріп жатқан құрылыс жұмыстарын 24 сағат бойы бақылай алады.
Бейне камералардың көмегімен қазақстандықтар зардап шеккендер үшін салынып жатқан тұрғын үй құрылысының барысын қадағалау мүмкіндігін пайдалана алады. Бұл технология, біріншіден, жұмыстың сапалы жүргізілуін қадағауға мүмкіндік берсе, екіншіден құрылыс материалдарының қолды болмауына жол бермейді, - деді БҚО цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрсұлтан Нұрланұлы.