Су тасқыны болған өңірлердің азаматтары дәрігерлердің бақылауында
ОКҚ-да ДСМ ресми өкілі Әйгерім Оразалиева су тасқыны салдарынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына қандай медициналық көмек көрсетіліп жатқаны жайлы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Төтенше жағдай режимі жарияланған барлық ауданда құтқарушылармен қатар медицина қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік қызметін атқарып жатыр. Зардап шеккен аймақтардың эвакуацияланған тұрғындары дәрігерлердің, психологтардың және сұраныс бойынша басқа мамандардың бақылауында, - деді ведомство өкілі.
Оразалиеваның айтуынша, су басқан жерлерде қалған медициналық ұйымдардың орнына медициналық көмек көрсету жоспары дайындалып жатыр. Барлық өңірге медициналық көмекті ұйымдастыру жөніндегі штаб өткізіледі, зардап шеккен өңірлерге жауапты тұлғалар жіберіледі.
Су басқан өңірлерде медициналық көмекке мұқтаж тұрғындарға шұғыл, мамандандырылған, педиатриялық көмек көрсетіліп жатыр. Әсіресе аудандық ауруханалардың медицина қызметкерлері үлкен үлес қосып жатыр.
Министрліктің мәліметінше, 3 мыңға жуық медицина қызметкері мен 300-ге жуық жедел медициналық жәрдем бригадасы апат аймақтарында міндетін атқарып жатыр.
Жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар балалар мен қарттардың денсаулығы дәрігерлердің ерекше назарында. Су басқан жерлерден ең алдымен жүкті әйелдер эвакуацияланды, ал мерзімі таяған жүкті әйелдер емдеуге жатқызылды. Олар дәрігерлердің бақылауында болады, - деп айтты ДСМ ресми өкілі Әйгерім Оразалиева.
Бұған дейін министрлік су тасқыны болған өңірлерде 100 сәби аман-есен дүниеге келгені жайлы қуанышты жаңалық жариялаған болатын.